Көкшетауға қар түсті
АСТАНА.KAZINFORM — Көкшетаудағы жылы ауа райы кенет қарлы боранға ауысты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

27 сәуір күні ақмолалықтарға 29 сәуірде екпіні 30 м/с болатын желдің күшеюі туралы ескерту жарияланған.
Бүгін Көкшетауда қатты жел тұрып, арты қар аралас жауынға ұласты. Облыс орталығындағы кейбір мектептерде ата-аналардың қалауы бойынша балаларын үйде қалдыруға рұқсат берілді.
Көкшетауда қатты желден бірнеше үй қирап, жабындары құлап қалды. Бұл Сарыарқа шағын ауданы, 15/4, Орталық шағын ауданы, 36/2.
Көкшетаулықтар аулаларындағы беседкалар мен баннерлерді жел жұлып кеткенін айтып, шағымданды.
«Қазгидромет» РМК Ақмола филиалының жетекші синоптигі Лариса Гончарованың айтуынша, қазір Ақмола облысының аумағында белсенді Солтүстік-Батыс циклоны басым.
— Ол өзімен бірге ауа температурасының төмендеуін де әкелді. Облыстың солтүстігі мен батысында қалың қар түріндегі жауын-шашын жауады. Соның ішінде Көкшетау қаласында. Облыс аумағында екпіні 23-28, кей жерлерде 30 м/с-қа дейін жететін дауыл соғады, - деп хабарлады Лариса Гончарова.
Синоптиктердің болжауынша, түнде ауа температурасы 0/+5 градусқа дейін төмендеуіне және жауын-шашынның тоқтауына әкелетін циклон аймақтан шығып, оның орнын суық антициклон басады.
— Күндіз 10-15 градусқа дейін жылы болады. Мұндай ауа райы аймақта алдағы бір-екі күнде сақталады, деді Лариса Гончарова.
Айта кетейік, Көкшетауда жылыту маусымы 2025 жылдың 24 сәуірінде аяқталған.