Көкшетаулық шебер фольклорлық ұлттық аспаптардың 21 түрін жасауда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулық шебер Қайырлы Сәрсенбаев жасы алпысты алқымдаса да, ағаштан ұлттық саз аспаптарын жасаудан әлі қол үзген емес. Асқан төзімділікті, ептілікті талап ететін өнерде 30 жылдан бері шыңдалып, қолтаңбасы қалыптасқан шебер осы күні домбыра, прима-қобыз, шертер, жетіген, үрмелі, ұрмалы тәрізді фольклорлық ұлттық аспаптардың 21 түрін жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетаулық шебер фольклорлық ұлттық аспаптардың 21 түрін жасауда

Бес саусағынан өнер тамған Қайырлы Сәрсенбаев домбыра жасауды 1986 жылдан бері қолға алған екен. Сол кезде Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында домбыра кафедрасында оқып жүріп-ақ, домбыра жасауды үйреніпті.

«Мен Сандықтау ауданының Жыланды ауылында дүниеге келдім. Ауылда 8-ші сыныпты ойдағыдай тәмамдаған соң, 1978 жылы Арқа төсіндегі сол кездегі Біржан сал атындағы музыка училищесіне оқуға түстім. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының «Домбыра» кафедрасына оқуымды жалғастырдым. Онда атақты күйші, домбырашы, композитор, дирижер, профессор Мәлғаждар Әубәкіровтен тәлім алып, өнер-білімге құныға түстім. Кафедрада оқып жүріп-ақ, домбыра жасайтын шеберханаларға барып, қызығушылықпен ден қойып, үйрене бастадым», - дейді шебер.

Сонымен бірге, ол атадан балаға мұра болып келіп жатқан домбыра жасау өнері қанында барын айтады.

«Атам Қабдолла Сәрсенбайұлы домбыра жасайтын шебер, әрі ойын-тойдың көркі атанған өнерлі адам болса, әкем Сапарбек Қабдоллаұлы ағаш пен темірден түйін түйіп, жансызға жан бітірген ұста»,- дейді кейіпкеріміз.

Қайырлының өзімен басқа тағы үш інісі де ата-бабадан қалған шеберлік, ұсталық өнерді дамытып келеді. Ол домбыраны осы інілерімен бірге өзінің шағын шеберханасында арнайы тапсырыспен жасауда. Соңғы кездері сонау Түркия еліне оннан астам домбыраны жіберу соның бір айғағы іспеттес. Кезінде атақты күйші, шебердің өз ұстазы Қаршыға Ахмедияров та тапсырыспен ұлттық аспапты жасатып алып, талай күй шығарған екен. Республикаға танымал, атақты күйші, домбырашы әрі шебер Мағауия Хамзин де қазақтың дүлдүлі Ақан серінің үлгісінде жасалған домбырасын алыпты. Күміс көмей дәстүрлі әнші Қайрат Байбосынов та шебердің тұмар домбырасын иығына асып, талай сахналарда гәккулеткен. Әйгілі күйшілер Секем Тұрысбеков пен Айгүл Дүкімбаеваға да жерлесіміз арнайы тапсырыспен домбыра жасап берген. Бүгінде шеберге әдейі тапсырыспен Алматыдағы консерваторияның оқушылары, Астанадағы өнер институтының студенттері алдыртып жүрген көрінеді.

«Абылай ханның көрмесін ұйымдастырған кезде мұражайға саптамалы домбыра жасап бердім. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал үлгісіндегі домбыраларды да жасаймын. Бәрінің де бір-бір үлгілері мұражайларда сақтаулы. Қылқобыздар, прима-қобыздар, шертер, жетіген, үрмелі, ұрмалы аспаптар да жасау қолымыздан келеді. Домбыраны Серік пен Сырым деген інілерім бірігіп жасаса, Серғазы атты інім зергерлікпен айналысады», - дейді Қайырлы Сәрсенбаев.

Сонымен бірге, шебер домбыраның үні әуезді болуы үшін үйеңкі ағашын пайдаланатынын айтады.

«Домбыраны көбіне шеберлер тұт ағашы, қызыл ағаш, эбен, қайың, полисандр, тораңғыл секілді қалқанды ағаштардан жасап жатады. Мен үйеңкі ағашынан жасағанды ұнатамын. Үйеңкі әрі қатты, әрі жұмсақ, жұмыс істеуге ыңғайлы және домбыраның үні одан жақсы шығады. Домбыраны ойып жасағанда ол әдемі болып қана қоймай, үнінің де әсемдігі сақталуы керек. Сонысымен ғана қазақтың қара домбырасының қоңыр үні әлемге танылған жоқ па?!», - дейді әңгіме барысында шебер.

Бір домбыраны жасау үшін кем дегенде он шақты күн қажет. Ал, арнайы бедерлеп, тапсырыстардың күрделілігіне байланысты ою ойып, күміспен күмтеп, өрнектеп жасайтындарына бір айға дейін уақыт керек екен.

Қазіргі уақытта шебер Біржан сал атындағы жоғары музыкалық колледжінде шәкірт тәрбиелеп, өнерге баулып жүрген ұлт жанашыры, ұстаз. Өнер майталманының шәкірттерінің арасында музыка колледжін бітіріп шыққан атақты дирижерлық дәрежесіне көтерілген Дәурен Ғылымов, академияда сабақ беріп жүрген Төлеу Шериязданов, Қостанайдағы оркестрдің жетекші домбырашысы Мұрат Хамитов және тағы да бірталай музыкант жастар бар.