Көктем шықпай жатып Қызылордада 62 адамды кене шақты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қызылордада 62 адамды кене шағып, соның салдарынан оның 8-інің дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылған.

Көктем шықпай жатып Қызылордада 62 адамды кене шақты

«Бүгінде олар «Рибавирин» препаратымен ем қабылдауда. Конго-Қырым қанды безгегі бойынша диагноз анықталған жоқ», - деді бүгін «Сыр Медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығының баспасөз мәслихатында облыстық Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ұлболсын Аханаева.

Биылғы эпидемиялық маусымда қолайсыз елдімекендер саны 116-ға жетіп отыр. Айта кетейік, Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласының аумағында кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары толық аяқталған. Қазір бұл жұмыс Қазалы, Сырдария аудандарында жалғасуда.

Жалпы алғанда, бүгінгі күнге дейін облыста барлығы 10 мыңға жуық кененің ауру тасымалдау мүмкіндігі зерттелді. Оның 83-і оң нәтиже көрсетті.