«Көкжалдар мекені» сериалы Түркиядағы ФЕТО тергеуінің назарына ілікті
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның уәкілетті органдары танымал түрік сериалын тексермек. Бұған сериалда ФЕТО-ны насихаттауы мүмкін деген күдіктің болуы себеп болған. Сонымен қатар кейіпкерлердің бірінің бұрынғы барлау қызметкерімен байланысы болуы мүмкін деген болжам да анықталады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Ыстанбұлдың Силиври ауданының прокуратурасы Түркияның Ұлттық барлау ұйымының бұрынғы қызметкері Кашиф Козыноглуның өліміне қатысты тергеу барысында «Көкжалдар мекені» (түрікше: «Kurtlar Vadisi») сериалын тексере бастады.
Козыноглу «Эргенекон» және «OdaTV» істері аясында қамауға алынып, 2011 жылы Силиври түрмесінде қайтыс болған. Енді прокуратура тергеу барысында пайда болған мәліметтерге назар аударып, сериалдың жекелеген эпизодтарында Фетхуллах Гүлен ұйымы (ФЕТО) насихатталуы мүмкін деген болжамның негізділігін анықтамақ.
Тергеу барысында шынайы өмірдегі Кашиф Козыноглуға ұқсастығы бар Қазым Кашифоглу кейіпкерінің сериалда қалай бейнеленгеніне ерекше назар аударылады. Прокуратура оның оқиға желісіндегі рөлін, кейіпкердің қаза табу жағдайын және жекелеген көріністерде қолданылған визуалды белгілерді зерттемек.
Атап айтқанда, мемлекеттік нөмірінде «FG» әріптері бар көліктердің сериалдағы көріністері тексеріледі. Тергеу бұл белгінің Фетхуллах Гүленмен байланысты жасырын символ ретінде қолданылған болуы мүмкін деген болжамды қарастырып жатыр.
Талдау жүргізу үшін арнайы сарапшылар тобы құрылды. Олар сериалдың тиісті эпизодтарындағы сценарий мен диалогтарды, кейіпкерлердің бейнесін, көріністерде қолданылған түрлі белгілерді және жасырын мағына беруі мүмкін тұстарды зерттейді. Зерттеу қорытындысында сарапшылар сериалдағы материалдардың ФЕТО-ны насихаттау белгілеріне сай келетін-келмейтінін және туындының аталған тыйым салынған ұйыммен қандай да бір байланысы болған-болмағанын анықтауға тиіс.
Тексеріс Козыноглуның өліміне қатысты әлі де жалғасып жатқан тергеу аясында жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері тиісті қылмыстық істің материалдарына енгізіледі. Бұл ретте сериалға қатысты айтылған күдік әзірге заңды күшіне енген сот шешімімен расталмаған. Сондықтан бұл мәселеге қатысты барлық болжам мен тұжырым қазіргі уақытта тергеу аясында қарастырылып жатыр.
Бұған дейін домбыра үні Netflix-тен бастап тарихи сериалдарға дейін әлемдік экрандарда шырқалғаны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина