«Көкжиде» су қоры: 3 облысқа жетер тіршілік көзін қалай сақтап қалуға болады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеге ғалымдар мен табиғат жанашырлары жиналып, мұнай өндіріліп жатқан «Көкжиде» кен орнындағы таза суды қалай сақтап қалуға болатынын талқылады. Қазіргі кезде мұнда 5 компания «қара алтын» өндірісімен айналысады. Жыл сайын судың ластану дерегі тіркеліп тұр.

«Көкжиде» су қорын зерттеу жұмысы ондаған жылға созылып келеді. Ақтөбе облыстық энергетика басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдан бастап қосымша барлау жүргізілді. Сол жылы «Ақпан» ЖШС-і мен жобалау мекемесі арасында құны 1 млрд теңгенің келісімшарты жасалды. Жоба аясында барлығы 82 ұңғыма қазылып, іздеу-барлау жұмысы атқарылды. Ал 2021 жылдың желтоқсан айында мұндағы су қоры тәулігіне 173,4 мың текше метр екені белгілі болды. Мамандардың айтуынша, су көлемін нақты анықтау мүмкін емес. Ол жыл сайын азайып, кейде көбейіп отыруы мүмкін.
Бұл тақырыпты ғалымдар мен экологтар да жиі қозғайды. Олар аумақты зерттеу үшін жеке кен орындарына кіру мүмкін емес деп отыр. Мәселен медициналық университет зерттеушілері Кеңқияқ, Жаңажол ауылдарына ғана барып, шолу жасаған.
— Зерттеу ауқымы кең. Аумақты анықтау, сол аумақтағы кен орнында жұмыс істейтін адамдардың, ауылда тұратын халықтың денсаулығын назарға алған жайымыз бар. Сол кезде бұрғылаудан шыққан қалдықтардың биосфераға, кен орны маңын мекен ететін адамдарға кері әсері бар екенін білдік. Соңғы рет кен орнына былтыр бардық. Ол жерді шолып шыққан едік. Жер қойнауын пайдаланушылардың уәдесіне қарамай қоршаған ортаны, соның ішінде топырақты ластау дерегі тіркеліп жатыр. Медициналық университет ғылыми-техникалық жоба дайындайды. Бұрғалау шламдары мен ерітіндінің таксилогиялық әсерін анықтаймыз. Алдын ала мәлім болғаны, бұрғылау кезінде шыққан қалдықтың жануарларға кері әсері бар, — деді М.Оспанов атындағы БҚМУ профессоры.

Сонымен бірге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде де «Көкжиде» кен орындағы мол су қорын сақтау ұсынысы айтылды.
— «Көкжиденің» аумағы әлі нақтыланбаған. Құмды білеміз, ал оның астында не бар екені, көлемі беймәлім. Табиғатты пайдаланушыларға арналған территория анық белгіленбеген. Қазіргі күнге дейін су бар аумақтың дәл картасын білмейміз. Біз келісімшарты бар компания территориясына кіруге рұқсат алғымыз келеді. Сонымен бірге кешенді зерттеу жүргізілсе Атжақсы, Темір, Ембі өзендерінің су жинау орны, Мұғалжар тауынан су келу көлемін де анықтауға болады. Ал қазір сол таудан қиыршық тас өндіріліп жатыр. Судың келуі де азайды. Оның да кері әсері болуы мүмкін. Геоэкологиялық зерттеу осыны анықтауға мүмкіндік береді, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті кафедрасының доценті Ақылжан Телеуов.
Ал «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызмет» КеАҚ төрағасы Айбек Ижановтың айтуынша, қазіргі кезде көпжылдық мониторингтік зерттеу ластану дерегін тіркеген. Сондықтан мұнай өндіруші компаниялар қосымша зерттеу жүргізуге келісіп отыр. «ҚазЭнерджи» қауымдасдығы мен Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті арасында геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеу жүргізуге келісім жасалды.
— «Көкжиде» кен орнынан еліміздің батысындағы ауылдарға су құбырын тарту жобасын әзірлеу ұсынысы қарастырылып жатыр. Техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді. Жоба екі кезең бойынша іске асырылады. Біріншісі «Көкжидеден» Маңғыстау облысына, екіншісі Айшуақ және солтүстік Айшуақ кен орнынан Құлсары қаласы және Атырауға қарай құбыр тарту. Бұл батыс аймақты сумен қамтуға мүмкіндік береді, — деді Айбек Ижанов. Оның айтуынша, су мұнайдың астынғы қабатында орналасқан.
Айта кетейік, қазіргі кезде «Көкжиде» кен орнында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС, «Ұрықтау Оперейтинг» ЖШС-і мұнай өндіріп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Көкжиде» территориясындағы мұнай өндірушілер біртіндеп ұңғымаларын консервациялауы тиіс.