Көкжөтел, қызылша, туберкулез: Қызылордада бірқатар ауру көрсеткіші төмендеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Былтыр Қызылорда облысында жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болды.

Көкжөтел, қызылша, туберкулез: Қызылордада бірқатар ауру көрсеткіші төмендеді
Фото: freepik

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 52 нозология бойынша ауру тіркелген жоқ. 2024 жылмен салыстырғанда оның тең жартысына жуығы бойынша ауру-сырқау көрсеткіші төмендеген.

– Бұл ретте профилактикалық екпелердің маңызы зор. 15 жылдан бері вакцина ықпал ететін жұқпалы аурулардың, оның ішінде құрөзек, сіреспе, гемофильді инфекция, полиомиелит, паротит, пневмококк инфекциялары тіркелмеді. Егу шараларының нәтижесінде А вирусты гепатиті бойынша аурушандық көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 3,2 есе азайған. Көкжөтелге шалдығу деректері 37,6 есе, қызылша аурушаңдығы 4,6 есе төмендеген. Жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпемен тиісті контигенттің 96,8%-ы қамтылды, - делінген хабарламада. 

Туберкулез ауруының 355 жаңа жағдайы тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 7,1-ге төмендеді. Ал бруцеллез дертінің 19 дерегі есепке алынды.

Бұған дейін біз елде көкжөтелге шалдыққандар саны былтырмен салыстырғанда айтарлықтай төмендегенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар