Қолданыстағы үш кодекске және алты заңға түзету енгізіледі

«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне лотереялар және лотерея қызметі мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2013 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленген. Бұл заң жобасы жуырда Мәжіліске келіп түсті.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасында лотерея қызметін заңнамалық реттеуге, аталған нарықтың тиімді қызмет етуіне мүмкіндік жасайды.
Лотерея қызметінің дамуы шағын және орта кәсіпкерлік секторының одан әрі дамуына оң ықпал етеді, ол жалпы еліміздің экономикасына қолайлы әсер ететін болады. Сонымен қатар әлеуметтік аударымдар енгізу кәсіпкерлердің мемлекет пен азаматтардың алдындағы жауапкершілігін арттырады. Өз кезегінде әлеуметтік саланың белгілі бір буыны қаржыландырудың қосымша көзімен қамтамасыз етілетін болады.
Заң жобасы лотерея қызметін тиімді мемлекеттік реттеуді қамтамасыз етуге, осы қызмет түріне мемлекеттік органның құзыретін бекітуге, жеке субъектілер қызметін жүзеге асыруы үшін құқықтық негіздерді белгілеуге, олардың мемлекеттік органдармен нақты өзара іс-әрекеттерін және лотерея қызметін басқару саласында мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз етуде олардың жауапкершілігін анықтауға бағытталған.
Осы заң жобасын қабылдау мемлекеттік шығыстардың көбеюіне немесе мемлекеттік кірістердің азаюына әкеліп соқпайды, сонымен қатар теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары болмайтыны атап көрсетілген.