Көлеңкелі экономикадан Өзбекстанның мемлекеттік бюджетіне $2,4 млрд залал келді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Көлеңкелі экономикадан Өзбекстанның мемлекеттік бюджетіне 30 трлн сум ($2,4 млрд), ал жалпы ішкі өнімге 135 трлн сум ($10,8 млрд) залал келді. Мұны 2024 жылғы макроэкономикалық тұрақтылық пен экономикалық дамудың басым міндеттері талқыланған кеңесте президент Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан басшысы атап өткендей, 11 мыңға жуық құрылыс компаниясы (жалпы компаниялардың 41%) есеп құжаттарында тек 1 қызметкер жұмыс істейтінін көрсеткен. Өз кезегінде бұл компаниялар былтыр 4 трлн сумға ($322 мың) бағаланған құрылыс жұмыстарын жүргізген.
«Бір нәрсені нақты түсіну керек - көлеңкелі экономика адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін үлкен кедергі. Бүгінде жеке кәсіп иелері өздерінің заңды құқығын алға тартып, «адал бәсекелестік қайда?» деген сауал қойып жатыр», - деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан президенті осындай олқылықтардың салдарынан қызмет көрсету саласында - 140 трлн сум ($11,2 млрд), құрылыста - 50 трлн сум ($4 млрд), өнеркәсіпте - 40 трлн сум ($3,2 доллар) көлеңкеде қалып отырғанын айтты.
Аталған мәселелерді шешу үшін Бас прокуратура жанындағы Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес департаментіне бірқатар қосымша құзырет беріледі. Департамент базасында ғылыми-талдау және оқыту орталығы ашылады. Ол көлеңкелі экономикаға ықпал ететін факторларды анықтап, шетелдік тәжірибе негізінде ұсыныс әзірлеумен айналысады.
Сонымен қатар, Бас прокуратурада Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі жеке басқарма құрылады, тиісінше оның өңірлік бөлімшелері жасақталады.
Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстандағы көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің 25-тен 45 пайызына дейінгі аралықта екенін жазып едік.