Көлік полициясы көші-қон заңнамасын бұзған 200-ге жуық шетелдікті жауапқа тартты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері жыл басынан бері ҚР Көші-қон заңнамасын бұзған адамдарға 2 млн 588 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
None
None

Көлік полицейлері жыл басынан бері Қазақстан Республикасында жүріп-тұру ережесін бұзған 196 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде ТМД азаматтары - 183, алыс шетелдіктер - 13.

Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін салынған айыппұлдың жалпы сомасы - 2 млн 588 мың теңге.

11-13 наурыз аралығында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.

Іс-шара барысында бір тәулік ішінде ҚР ӘҚБтК 517 бабы (шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша 51 факті анықталды.

«ҚР ӘҚБтК 518-бабы (шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша Қазақстан Республикасының 12 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК 519-бабы (шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тартуы) бойынша бір факті анықталды» делінген хабарламада.

Айталық, 11 наурызда Нұр-Сұлтан стансасындағы Желілік полиция басқармасының қызметкерлері теміржол вокзалында ҚР ӘҚБтК 517-бабы бойынша көші-қон саласындағы заңнаманы бұзған Өзбекстанның 12 азаматын анықтап, ұстады. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен Өзбекстан азаматтары елден шығарылды.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК 519-бабының 1-бөлігі бойынша «Асыл Компания 2018» ЖШС жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 100 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар