Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Каспий аумағындағы мемлекеттердің көлік министрлерінің кездесуіне қатысады
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов сәуірдің 2-сінде Баку қаласында өтетін (Әзірбайжан Республикасы) Каспий аумағындағы мемлекеттердің көлік министрлерінің бірінші отырысына қатысады.
ҚазАқпаратқа бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады. Аталған кездесу Каспий аумағындағы мемлекеттердің басшылары саммитінің (2007 жылы Тегранда өткен) шешімдерін орындау мақсатында, сонымен қатар Каспий аумағындағы мемлекеттердің Үкіметаралық экономикалық конференциясының (2008 жылы Астрахань қаласында өткен) барысында жасалған уағдаластықтар шеңберінде өткізіледі. Күн тәртібінде - Каспий аумағындағы елдердің көлік саласындағы ынтымақтастығы және көлік байланыстарын дамыту жолдары мәселелері.