Көлік және коммуникация министрлігі: Қазақстан мен Пәкістан жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Исламабад қаласында Қазақстан-Пәкістан сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның 7-ші отырысы өткізілді.
None
None

Қазақстан делегациясын ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров басқарса, Пәкістан делегациясы Пәкістан Ислам Республикасының Су ресурстары және энергетика министрі Сиед Навар Камардың жетекшілігінде болды, деп хабарлады Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Кездесуге екі жақ министрліктерінің жауапты қызметкерлері мен шаруашылық субъектілері қатысты.

Отырыс барысында тараптар екі елдің сауда палаталары арасында Бірлескен іскер кеңесін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, Пәкістан Қазақстан үшін маңызды болып табылатын EXPO-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесін өткізу құқығын иеленуге Астана қаласының кандидатурасын қолдауға дайын екенін білдірді.

Пәкістан делегациясы гидроэнергетика саласында, сондай-ақ машина жасау экспорты, дәрі-дәрмек шығару, автобус өндірісі салаларында ынтымақтастықтың әр түрлі жобаларын ұсынды.

Білім беру саласында «ҚР Ұлттық биотехнологиялар орталығы» РМК мен Пәкістанның биотехнологиялар саласындағы ғылыми ұйымдары арасында, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ және Ғылым мен технологиялар ұлттық мұражайы (Лахор) арасында, Пәкістанның Ғылыми және технологиялық білім беру жөніндегі Ұлттық институты мен Пәкістанның басқа да ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар көлік саласындағы өзекті мәселелерді, атап айтқанда азаматтық авиация, автомобиль және темір жолдар көлігі саласындағы ынтымақтастықты мәселелерін талқылады.

Ауыл шаруашылығы саласында бидай, мал шаруашылығы өнімдері және шикізат саудасы туралы келісімдерге қол жетті.

Сонымен қатар, тараптар туризм және спорт, денсаулық сақтау, банк және құқықтық салалар, ақпараттық технологиялар, төтенше жағдайлардың алдын алу және т.б. салаларда ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырды.

Қоршаған ортаны қорғау саласында Қазақстан Пәкістанды «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды.

Халықаралық келісім-құқықтық базаны кеңейту жалғастырылуда. Бірқатар үкіметаралық келісімдер мен меморандумдар қол қоюға әзірленуде. Дәлірек айтқанда: туризм және спорт, қылмыскерлерді экстрадициялау туралы, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы келісімдер; білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама; ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы, бірлескен инвестициялық компанияларды құру туралы, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ және Пәкістанның Сауданы дамыту ұйымы (TDAP) арасында өзара ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумдар.

Қол жеткізілген уағдаластықтар нәтижесінде Хаттамаға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум