Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға $35 млрд инвестицияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов экспорт көлемін арттыру үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.

— Маңызды бағыттардың бірі — көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Соңғы 15 жылда Қазақстан бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Соның арқасында жаңа көлік дәліздерінің құрылысы жүзеге асып, темір жолдарды жаңғырту және хабтарды дамыту мүмкін болды. Мұның бәрі қазақстандық өнімдерді жеткізу жылдамдығы арттырып, сатып алушылардың сенімділігін айтарлықтай арттырды, — деді ол Қазақстан экспорттаушыларының форумында.
Сондай-ақ вице-министр цифрландыру мен онлайн экспортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
— Электрондық сауда нарыққа кіру кедергілерін азайтып, транзакциялық шығындарды төмендетеді және әлеуетті сатып алушылар аясын кеңейтеді. Біз ұлттық E-com платформасын іске қосудан бастап, қазақстандық тауарларды халықаралық маркетплейстерге шығару жұмыстарына дейінгі аралықта жүйелі шараларды жүзеге асырып жатырмыз. «Бір терезе» қағидаты бойынша электрондық сертификаттау, логистика, экспорттық мәмілелерді сүйемелдеу сынды цифрлық сервистер белсенді түрде енгізіліп келеді, — деді Әсет Нүсіпов.
Оның айтуынша, министрлік кәсіпкерлерді оқытуға да ерекше назар аударылып отыр. Олардың электрондық сауда талаптарына бейімделуіне және B2B, B2C нарықтарына шығуына көмектесетін акселерациялық бағдарламалар, онлайн курстар мен вебинарлар ұйымдастырылып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін былтыр Қазақстан экспортының көлемі 80 млрд долларға жеткенін жазған едік.