Қазақстанның экспорт көлемі 80 млрд доллардан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов соңғы жылдары еліміздің экспорттаушыларына қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

— Өткен жылы Қазақстан экспортының көлемі 3,1%-ға өсіп, 80 миллиард доллардан асты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 28,8 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, қызмет көрсету экспортының көлемі 10,8%-ға өсіп, 11,8 миллиард долларға жеткенін атап өтпеуге болмайды, — деді ол Қазақстан экспорттаушыларының форумында.
Вице-министр бұл көрсеткіш мыңдаған кәсіпкердің еңбегінің нәтижесі екені атап өтті.
— Экспорттың басты қозғаушы күшіне айналып отырған шағын және орта бизнесті қолдау — негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Өткен жылы ШОБ-ты қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында 27 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, жалпы сомасы 1,6 триллион теңгені құрады. ШОБ секторының ел ІЖӨ-сіндегі үлесі 39,3%-ға жетіп, ұлттық экономикаға әсері артып келе жатыр, — деді Әсет Нүсіпов.
Сондай-ақ ол министрліктің басты мақсаты — экспорттаушылар үшін тұрақты әрі бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру екенін айтты.
— Экспорт деген жай ғана сыртқа тауар мен өнім жеткізу емес, оның арқасында жаңа өндіріс орындары ашылады, жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артады. Сондықтан Қазақстан Үкіметі экспорттаушылар үшін жағдай жасауды, логистикалық инфрақұрылымды дамытуды және отандық тауарларды шетелге ілгерілету тетіктерін жетілдіруді жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қолдау шараларының арқасында, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар мен даму институттарының күш-жігерімен бұл жұмысты артыруға тырысып жатырмыз, — деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Италияға 100-ден астам тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға қауқарлы екенін жазған едік.