Көлік министрлігі Орал әуежайын жаңғырту үшін бірқатар нақты міндет жүктеді
АСТАНА. KAZINFORM — Орал халықаралық әуежайын дамыту және авиациялық инфрақұрылымды жаңарту бойынша жауапты ұйымдарға нақты тапсырмалар берілді.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өкілдері әуежайдағы жобалардың жүзеге асырылу барысын тексеріп, алдағы жұмыстарды талқылады.
Жұмыс кеңесінде ұшу-қону жолағын жөндеу, әуежайдың периметрлік қоршауын жаңарту, арнайы техникалар паркін толықтыру, аэронавигациялық жүйелерді жетілдіру және жанармай инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Сонымен қатар Орал әуежайының халықаралық бағыттарын кеңейту, Атырау және Ақтөбе қалаларымен әуе қатынасын қайта жандандыру, шағын авиацияны дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктелді.
Көлік министрлігі барлық жұмысты белгіленген мерзімде орындауды тапсырды. Әр бағыт бойынша жауапты орындаушылар бекітіліп, жобалардың жүзеге асырылу барысы министрліктің бақылауына алынды.
Ведомствоның мәліметінше, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде ұшу қауіпсіздігі артып, әуе бағыттарының географиясы кеңейіп, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы жақсарады.
Айта кетейік, кейінгі үш жылда Орал әуежайында жолаушылар ағыны 85%-ға, жүк айналымы 89%-ға, ал орындалған әуе рейстерінің саны 51%-ға өскен. Бүгінде әуежай бес ішкі бағытпен қатар Ыстамбұл, Анталия, Шарм-эш-Шейх, Фукуок және Франкфурт қалаларына халықаралық рейстер орындайды.
Еске салайық, бұған дейін Арқалық әуежайы алғашқы рейсті қабылдауға дайындалып жатқанын жазғанбыз.