Көлік министрлігі жекеменшік пойыздарға тексеру жүргізіп, кемшіліктерді анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігі Бас көлік прокуратурасының өкілдерімен бірлесіп, жекеменшік тасымалдаушылар пойыздарына инспекциялық тексерулер жүргізді.
Тексерулердің мақсаты – қауіпсіздік стандарттарының, санитарлық нормалардың сақталуын және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын бақылау.

Рейдтік іс-шаралар барысында мобильді топтар келесі компаниялардың пойыз құрамдарын тексерді:
«САРЫ-АРКА КОМПАНИ» ЖШС (№57 бағыт Астана – Орал);
«KAZ RAIL» ЖШС (№655Т бағыт Астана – Арқалық);
«ТУРКСИБ АСТАНА» ЖШС (№43 бағыт Қостанай – Алматы);
«Nomadas» ЖШС (№55 бағыт Қызылорда – Көкшетау).
Тексеру барысында вагондардың техникалық жай-күйіне, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы купелердің жабдықталуына, төсек-орын жабдықтарының тазалығына, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерінің жұмысына ерекше назар аударылды. Қарау нәтижесінде ішкі инвентарь жағдайы мен қызмет көрсету сапасына қатысты жекелеген заң бұзу анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша тасымалдаушылардың жұмысындағы кемшіліктер анықталып, тиісті нұсқамалар берілді, актілер рәсімделді.
Көлік министрлігі жолаушыларға анықталған заңбұзушылықтар туралы +7 700 098 35 35 нөмірі арқылы мессенджерлер арқылы Жедел ахуал орталығына хабарласуға болатынын ескертеді.
Айта кетелік Маңғыстауда пойыздан 84 литр заңсыз алкоголь тәркіленген еді.