Колледждерді қаржыландыру көздері әртараптандырылуы тиіс – Ғани Бейсембаев
АСТАНА. KAZINFORM – Колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшері артады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

«Шетелдік колледждермен стратегиялық әріптестікті дамыту инвестицияларды тарту және оқыту мен корпоративтік басқарудың жаңа технологияларын енгізу арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Біз бұл жұмысты жоғары білім министрлігімен бірлесіп жүргіземіз, себебі қазірдің өзінде әлемнің 23 жетекші жоғары оқу орны елімізде белсенді жұмыс атқарып жатыр. Сондай-ақ жоғары оқу орындарымен серіктестік күшейтіледі. Мәселен, Солтүстік макроөңірде – осы өңірдің жетекші колледждерінің стратегиялық серіктесі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті болса, шетелдік серіктесі Пенсильвания университеті (Рennsylvania state university) белгіленген. Нәтижесінде, колледждеріміз студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлықты кеңейту жолымен халықаралық ынтымақтастықты дамытады», - деді Ғ. Бейсембаев.
Бұдан бөлек ол колледждерді қаржыландыру көздері әртараптандырылуы тиіс екенін айтты. Бұл ретте, мемлекеттік білім беру тапсырысы, кадрларды даярлауға мақсатты тапсырыстар беретін жұмыс берушілер, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының тауарлар мен қызметтерді өндіру есебінен түсетін өз табыстары ескерілген.
«Екіншіден, бұл жан басына шаққандағы нормативке қатысты. Ол негізгі және жаңа ынталандыру бөліктерінен тұруы тиіс. Бұл тұрғыда ынталандырушы төлемдер теңдестірілген көрсеткіштер жүйесінің мәндеріне қол жеткізген кезде берілетін болады. Оны іске асыру кезінде бірінші лигаға жататын техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында мамандықтар тобына байланысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бір студентке 891 мың теңгеден 1,3 млн теңгеге дейін арттырылуы мүмкін. Жалпы колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшерін ұлғайту үшін 2025-2027 жылдарға арналған қосымша қажеттілік көлемі 178,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2025 жылға 53,7 млрд теңге қажет. Қазіргі уақытта жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің жаңа әдістемесінің жобасы Қаржы министрлігімен бірге пысықталуда, қорытындысы бойынша республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі», - деді ведомство басшысы.