Колледждерге 10 мыңнан астам студент жұмысқа орналастыру шартымен қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде кәсіпорындардың сұранысы бойынша колледждерге 10 мыңнан астам студент қабылдау жоспарланып отыр. Оларды оқу бітіргеннен кейін міндетті түрде жұмысқа орналастыру көзделген. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы қабылдау науқанына тоқталды.
— Елімізде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алып жатыр. Техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарланып отыр, — деді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша мамандар даярлауға бөлінеді.
— Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде, кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздей отырып, 10 мыңнан астам студентті қабылдау жоспарланып отыр, — деді бірінші вице-министр.
Колледждерге құжат қабылдау Бірыңғай «OQU» платформасы арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бұған дейін колледждерде сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілетінін жаздық.