Колумбия университеті 180-ге жуық қызметкерді жұмыстан шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Университет басшылығы бұл қадамға қаржыландырудың қысқаруына байланысты баруға мәжбүр болғанын мәлімдеді, деп жазады Анадолы.

Палестинамен ынтымақтастық акцияларын қолдағаны үшін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің сынына ұшыраған Колумбия университеті 180-ге жуық қызметкерді жұмыстан шығаратынын хабарлады.
Университет басшылығы қаржыландырудың азаюына байланысты осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын айтты.
Басшылықтың мәліметінше, федералды қаржыландыру есебінен жұмыс істеген шамамен 180 қызметкер жұмыстан босатылды.
Университет өкілі Джессика Мерфидің айтуынша, университет «қаржылық икемділікті» арттыру үшін зейнеткерлікке шығуды ынталандыратын бағдарламалар тәрізді бірқатар шара қабылдаған.
— Колумбия университетіндегі зерттеулер саны қысқартылады, кейбір зерттеу толығымен тоқтатылады, ал қазіргі зерттеулер баламалы қаржыландыру көздері есебінен жалғасады, — деп атап өтті ол.
Университет басшылығы бұл шешім созылмалы ауруларды емдеуге байланысты жобалардан бастап онкология саласындағы зерттеулерге дейінгі бірқатар жобаға әсер ететінін мәлімдеді.
АҚШ-та университеттердің федералды қаржыландыруын тоқтатуға қатысты бастамалар төңірегінде пікірталастар толастар емес. Өз кезегінде билік университет кампустарындағы Палестинаға қолдау көрсету акцияларына және әртүрлілік, теңдік пен инклюзивтілікке қатысты бағдарламаларға сілтейді.
Трамп әкімшілігінің «антисемитизммен күрес» саясаты аясында сынға ұшыраған Колумбия университеті оқу орнының 400 миллион доллар көлеміндегі қаржыландыруын сақтап қалу үшін биліктің талаптарын орындау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Бұдан бұрын АҚШ Гарвард-қа бөлінетін 2,2 млрд доллар мемлекеттік қаржыландыруды тоқтататынын жазған болатынбыз.
Сонымен қатар Трамп әкімшілігі Гарвардтан шетелдік студенттерді қабылдау құқығын алып қоймақ.
Бұдан бөлек ол Гарвардқа бөлген 1 млрд доллар қаржыны кері қайтарып алмақшы.