Колумбияда жер сілкінісінен кейін үш күндік аза тұту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Колумбия билігі 10 тамызда болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісінен қаза тапқандарды аза тұту мақсатында елде үш күндік ұлттық аза тұту жариялады. Тиісті жарлыққа президент Абелардо де ла Эсприелья қол қойды, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
– Колумбия үкіметі ел халқының атынан 2026 жылғы 10 тамызда болған жер сілкінісі салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты қайғырып, марқұмдардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтады. Жарлыққа сәйкес, үш күндік ұлттық аза тұту кезінде елдегі мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ Колумбияның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Үкімет қайғылы оқиғадан зардап шеккендермен бірге екенін білдіреді. Бұл трагедия бүкіл елді қайғыға батырды, – делінген үкімет мәлімдемесінде.
Президент Де ла Эсприелья әлеуметтік желіде іздестіру-құтқару жұмыстары «үздіксіз» жүріп жатқанын мәлімдеді.
– Біз жоғалған бауырларымызды табу үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеп жатқан құтқарушыларымыз бен із кесуші иттерімізге сенеміз. Перейрада 30 жастағы Даниэла Андреа Ларго Санчес жеті сағаттық іздеуден кейін бірнеше минут бұрын тірі табылды. Бұл жаңалық бізге үміт сыйлап, сенімімізді нығайта түсті. Құдайдан медет тілеп, құтқарушыларымыздың жанқиярлық еңбегінің арқасында тағы да көптеген колумбиялық тірі табылып, отбасыларына оралады деп үміттенеміз, – деді президент.
Еске сала кетсек, бұған дейін Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 250 адамнан асқаны хабарланған.