Колумбиядағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың саны 30-дан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Колумбияның оңтүстігіндегі Путумайо департаментінде Hercules C-130 әскери ұшағы апатқа ұшырап, қаза тапқандар саны 34-ке жетті, тағы 21 адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды ТАСС.

Колумбиядағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың саны 30-дан асты
Фото: expresatv.com.mx

Caracol телеарнасы мен департамент губернаторы Джон Молинудың айтуынша, жарақат алғандардың саны 77-ге жетті, олардың 43-і Боготаға жеткізілді. Тағы 21 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Колумбия Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы генерал Карлос Сильва Руэда телеарнаға хабарлағандай, апат орнына медициналық тікұшақ пен құтқару тобы жөнелтілді. Оқиғаның себебін анықтау үшін жедел-тергеу тобы да жіберілді.

Айта кетейік, ішінде 100-ден астам әскери қызметкер болған Колумбияның Әуе күштеріне тиесілі Hercules C-130 ұшағы елдің оңтүстігінде апатқа ұшырады.