Коммуналдық тарифтер: бағаның өсуі мен оның әлеуметтік салдары
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері рекордтық қарқынмен өсті. Қарапайым отбасы ай сайынғы кірісінің 15–20%-ын осы төлемдерге жұмсауға мәжбүр, бұл әлеуметтік қысымды күшейтіп, бюджетке ауыртпалық салады. Kazinform аналитикалық шолушысы тарифтердің өсу себептері мен әлеуметтік салдарын, сарапшылар пікірі мен халықаралық тәжірибені талдап көрді.

Тарифтің өсу себебі қандай?
Соңғы айларда елімізде коммуналдық қызмет тарифтері айтарлықтай өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы маусымда инфляция 11,8%-ға жетіп, мамырдағы 11,3%-дан жоғары болды. Бағаның осындай қарқынмен өсуі әсіресе отбасылық бюджетке ауыр салмақ түсіріп отыр. Статистикаға сүйенсек, бір жыл ішінде ең қымбаттаған қызмет- суық су. Оның бағасы 96,1%-ға, яғни екі есеге жуық артқан. Жылу 19,2%, газ 15,5%, ыстық су 15,5%, электр энергиясы 11,3%, ал тұрғын үйді күтіп-ұстау құны 11,9%-ға өскен.

Орташа есеппен қазақстандықтар үшін коммуналдық қызмет бағасы мынадай: суық су — 1 текше метр үшін 173 теңге, су бұру (канализация) — 109 теңге, жылу тарифі — 1 гигакалорияға 6150 теңге, ыстық су — 475 теңге/м³, ал электр энергиясы тұтыну көлеміне қарай 2300-ден 4000 теңгеге дейін. Таратушы желілер арқылы келетін газдың бағасы 34,5 теңге.
Осы тұрғыда біз Энергетика министрлігінен тарифтердің қалыптасуына қатысты сауал жолдадық. Ресми жауапқа сәйкес, тарифтердің өсуіне бірнеше фактор әсер етеді.
«Соңғы жылдары отын мен материалдар құны, жөндеу жұмыстары мен жалақы шығындары үнемі өсіп келеді. Алайда тарифтер ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз қалып, бұл саладағы кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын әлсіретті. Тарифтерді кезең-кезеңімен түзету энергетика инфрақұрылымын жаңғырту мен апаттардың алдын алу үшін қажет», – деп түсіндірді энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан.
Министрлік хабарлағандай, 2025 жылғы 1 ақпанда Бірыңғай сатып алушы үшін шекті тарифтер өзгертілгеннен кейін электр энергиясының бағасы орта есеппен 2 теңгеге/кВт·сағ өскен. Ал 1 тамыздағы түзету 0,4 теңгеге қосымша қымбаттатты. Бұл шаралар электр станцияларының жабдықтарын жаңарту мен апаттардың алдын алуға бағытталған. Нәтижесінде, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұрын «қызыл тозу аймағында» болған 19 жылу электр орталығының 9-ы бұл санаттан шықты.
«Энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері отын бағасының өзгеруі, инфрақұрылымдық шығындар және инвестициялық бағдарламалар ескеріле отырып белгіленеді. Соңғы айларда энергия өндіруші кәсіпорындардың шығындары артты, бұл түпкі тұтынушыға жететін бағаға тікелей әсер етті», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Сарапшылар не дейді?
Экономист Расул Рысмамбетов тарифтердің өсуін нарықтық механизм тұрғысынан түсіндіреді. Оның айтуынша, бағаның жоғарылауы тікелей «көтерілу» емес, мемлекет субсидияларды азайтып, тарифтерді нарық шарттарына бейімдеуден туындаған.

«Коммуналдық қызметтерді өндіретін электр, су, газ, мұнай және жанармай салаларындағы жұмысшылар да еңбекақыны көтеруді қажет етеді. Егер тарифтерді төмен ұстап, субсидияларды сақтай берсе, бұл нарықтық экономикаға қайшы келеді. Тарифтерді босату арқылы мемлекет инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қаржы сумен, газбен, электр энергиясымен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады», – дейді Рысмамбетов.
Экономист Мақсат Халық болса, тарифтердің қымбаттауын ұзақ жылдар бойы жасалмаған реформаның салдары деп бағалайды.
«Тарифтер ондаған жылдар бойы төмен деңгейде ұсталып келген. Бұл бастапқыда халық үшін тиімді болғанымен, кейін инфрақұрылымның тозуына және кейбір апаттық жағдайларға алып келді. Егер үкімет он жыл бойы тарифтерді біртіндеп өсіріп отырса, қазіргідей күрт қымбаттау болмас еді», – дейді ол.

Сонымен қатар, экономист тарифтердің өсуі мен халық табысы арасындағы алшақтықты айтарлықтай кеңейтетінін көрсетеді. Соңғы жылдары инфляция кемінде 10%-ды құрап, пандемия кезінде 20%-дан асқан, ал халық табысы орта есеппен тек 4–5% ғана артқан. Бұл жағдай кедейшіліктің тереңдеуіне және әлеуметтік шиеленістің күшеюіне себеп болуы мүмкін.
Халыққа түсетін қысымды азайту үшін сарапшы үкіметке инфляцияның түпкі себептеріне назар аударуды ұсынады: ауыл шаруашылығын қолдау, инфрақұрылымды жаңарту, логистиканы жетілдіру, артық делдалдарды қысқарту және қойма жүйесін дамыту.
«Халыққа тарифтердің өсуі бір қысым болса, екіншісі – жанар-жағармайдың қымбаттауы, үшіншісі – салықтардың артуы. Егер бұл жалғаса берсе, теңге құнсыздана береді», – деп қорытындылады ол.
Келер жылы тарифтер қалай өседі?
Өткен аптада Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев 2026 жылы Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері орта есеппен 20–30%-ға қымбаттайтынын мәлімдеді. Министр тарифтердің күрт өсуіне жол бермеу үшін ұлттық жоба аясында арнайы тежеу тетігі енгізілгенін мәлімдеді. Бұл механизм мемлекеттік субсидиялар арқылы жүзеге асады.
Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялар екінші деңгейлі банктер, «Бәйтерек» холдингі, Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ), сондай-ақ бюджет пен халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері арқылы қаржыландырылады. Ал негізгі қарыз бен пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі тарифке қосылады. Үкімет тарифтердің шектен тыс өсуінің алдын алу мақсатында пайыздық мөлшерлеменің қалған бөлігін республикалық бюджет есебінен субсидиялайды. Нәтижесінде несие бойынша 10% сыйақы тариф құрамына кіреді, ал қалғаны – субсидия арқылы жабылады.

Қоғамдағы алаңдаушылықты ескере отырып, билік тарифтердің өсу қарқынын шектеу туралы шешім қабылдады. Шілде айында 2025 жылы коммуналдық қызмет тарифтерінің жалпы өсуі 15–20%-дан аспайтыны жарияланды. Бастапқыда жоспарланған 35–50% өсім төмендетіліп, жеңілдетілген еді. Сонымен қатар, 2025 жылдың IV тоқсанында жаңа тарифтердің өсуі күтілмейді.
Коммуналдық қызметке қай банкте төлеген тиімді?
Коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауын ескере отырып, қазақстандықтар қалтаға түсетін салмақты азайту жолдарын да қарастырып отыр. Қай банк картасымен немесе қосымшасы арқылы коммуналдық төлемдерді төлеген тиімді деген сұрақты зерделеп, банктер жайлы ақпаратты шолып шықтық. Бүгінде ForteBank карталарымен коммуналдық қызметтерді төлеу тиімдірек болып отыр: «Төлемдер» бөлімінде берілген «Коммуналдық қызметтер» және «Телефон, Интернет және ТВ» санаттары бойынша төлем жасағаны үшін 10% мөлшерінде бонус беріледі.
Басқа ірі банктерде бонустар қарапайым: Банк ЦентрКредитте 1%, Halyk Bank-те 0,5%, ал кейде арнайы шарттарға тәуелді. Мысалы: Bereke Bank – кешбэк 1%, бірақ депозиттегі қаражат көп болса, мөлшері көбеюі мүмкін. Freedom Bank – кешбэк 1%-дан басталады және орташа айлық қалдыққа байланысты көбейеді, бірақ бонустық бағдарлама қор нарысындағы акцияларға байланған валютамен жұмыс істейді. Bank RBK – 2% кешбэк, тек SARQYT бағдарламасына қатысқанда және картада ≥75 000 теңге қалдық болған жағдайда беріледі. Кейбір ірі банктер коммуналдық қызмет ақысын төлегені үшін бонустар бермейді.

Әлем елдерінде коммуналдық қызмет тарифтері қандай?
Коммуналдық қызмет тарифтері әр елде әртүрлі деңгейде қалыптасқан. Дүниежүзілік рейтингтерге сүйенсек, ең қымбат коммуналдық қызметтер Еуропаның дамыған елдерінде байқалады. Мысалы, Германия, Дания және Швеция сияқты елдерде бір үй шаруашылығы үшін жылына орта есеппен бірнеше мың доллар жұмсалады. Бұл тарифтердің жоғары болуы, негізінен, сапалы инфрақұрылымға, жаңартылған энергия көздеріне және экологиялық стандарттарға байланысты. Ал Азия мен Африка елдерінде коммуналдық қызметтердің құны салыстырмалы түрде төмендеу. Бұл жерде тарифтер халық табысына қарағанда қолжетімді болып есептеледі, алайда инфрақұрылым ескіргендіктен, қызмет сапасы кейде нашарлау болуы мүмкін. Мысалы, электр энергиясының үзілуі, су қысымының төмендігі немесе жылу жүйесінің толық жұмыс істемеуі секілді мәселелер кездеседі.
Салыстырмалы талдау көрсеткендей, тарифтер тек қызмет құнымен ғана емес, сонымен қатар елдің экономикалық деңгейімен, инфрақұрылым жаңартылуымен және мемлекеттік қолдаумен де байланысты. Дамыған елдерде тариф жоғары болғанымен, халық табысына шаққанда қаржылық ауыртпалық жеңіл, ал дамушы елдерде тариф төмен болса да, кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қаржылық қысым тудырады. Қазақстандағы жағдайды салыстырмалы түрде қарастырсақ, соңғы жылдары тарифтердің өсу қарқыны халық арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Орташа коммуналдық төлемдер 15–30% өседі деп жоспарланып, субсидиялар арқылы әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Бұл жүйе дамыған елдер тәжірибесіне ұқсас, бірақ халық табысына сәйкес бейімделген экономикалық механизм ретінде қарастырылып отыр.
Дегенмен, әлеуметтік желілерде адамдар әлі де алаңдаулы. Көпшілігі баға көтергенімен, қызмет сапасы жақсармайды деп есептейді. Мысалы, кейбір өңірлерде су қысымы төмен, электр жарығы жиі өшіп тұрады, ал жылу жүйесі жеткіліксіз деген шағымдар бар. Дегенмен үкімет коммуналдық секторды реформалауды маңызды әрі ұзақ мерзімді шара деп санайды. Негізгі мақсат – 2029 жылға дейін инфрақұрылымның тозуын 20%-ға төмендету. Мамандар желілердің жүктемесі артқан және қуаттар ескіргендіктен, инфрақұрылымды жаңартуды кейінге қалдыру мүмкін еместігін айтады. Сөйтіп, тарифтердің өсуі тұрғындарға қысым болса да, жүйені жаңарту мен сапалы қызмет көрсету – болашақ үшін қажетті қадам болып отыр.