Қонаев қаласында өткен Халық заңгері акциясына 80-нен астам адам жүгінген
ҚОНАЕВ.ҚазАқпарат - Қонаев қаласында «Халық заңгері» атты республикалық акция өтіп, қарапайым қала тұрғындарын толғандырған мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды, заңдық тұрғыдан кеңес беруді мақсат еткен республикалық акцияға заңгерлер, адвокаттар және мемлекеттік органдардың 22 маманы қатысып, шағым айтушылардың барлық сұрағына жауап берді.
Атап айтқанда, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала әкімшілігі, салық, құқық қорғау, құрылыс, білім және адвокаттар мен заңгерлер әртүрлі мәселелерді түйінін тарқатып, кеңес берді.

«Халық заңгері» республикалық акциясына қатысып, әділдік іздеген жандардың қарасы көп. Игілікті шараны ұйымдастырушылардың айтуынша өткен акцияға 80-нен астам адам жүгінген.
«Бұл науқанның мақсаты – халықтың көкейінде жүрген сұрақтардың шешімін тауып беру, заң тұрғысынан кеңес беру. Егер олардың проблемасы акция барысында шешілмесе, біздің заңгерлер науқан біткен соң істі аяғына дейін жеткізуге тырысады. Ол үшін көмек сұрап келген әр азаматтың аты-жөнін, телефонын тіркеп жазып отырмыз», – деді, Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекинов.