Конференция лигасы: «Тобыл» үшінші іріктеу кезеңде кімдермен ойнауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 20 шілдеде Швейцарияның Ньон қаласында қостанайлық «Тобыл» командасының UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал қарсыластары анықталды.
Қазақстандық клуб жарыстың аталған сатысында «Партизан» (Сербия) - «УНА Штрассен» (Люксембург) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бірінші кездесу 6 тамызда сырт алаңда өтсе, қарымта ойын 13 тамызға белгіленген.
Оған дейін қазақстандық команда екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Паневежис» командасымен шеберлік байқасады. Алғашқы ойын 23 шілдеде Қазақстан уақытымен 20:30-да сырт алаңда болса, қарымта кездесу 30 шілдеде сағат 19:00-де Қостанайда өтеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын алматылық «Қайраттың» UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде ықтимал қарсыластары белгілі болды. Қазақстандық команда бұл кезеңде «Левски» (Болгария) - «Университатя Крайова» (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Оған дейін 22 және 29 шілде күндері алматылық клуб екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубымен шеберлік байқасады.
Егер екінші іріктеу кезеңінде қарсыласына есе жіберген жағдайда «Қайрат» Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Мьельбю» (Швеция) - «Линкольн Ред Импс» (Гибралтар) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Айта кетсек, қазірге дейін алматылық футболшылар Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубын (2;1, 2:0) қапы қалдырды.