Конго азаматы Моника Камганза «босқын» мәртебесін сұрап отыр - ІІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Арман Саданов конголық Моника Камганзаның мәртебесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Арман Садановтың айтуынша, конголық азаматша Қазақстан тарапынан «босқын» мәртебесін беруді сұрап отыр. Ал Қазақстан тарапы оны елден шығаруға әрекеттеніп жатқан жоқ.

«Ол азаматшаның қазір нақты бір статусы жоқ. Тіпті еңбек мигрантына да жатқызуға келмейді. Өзі бізден «босқын» мәртебесін сұрап отыр. Қыдырып келіп, қалып қойған адамды қалайша «босқын» деп атауға болады? Оны елден шығарып жіберейік деп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, құжаттарын реттеуге көмектесуге дайынбыз. Өйткені, ол қазір ешқандай құжатсыз тұрып жатыр. Конго елінің біздің елде консулдық мекемесі жоқ. Сондықтан Мәскеуге барып, тиісті анықтама әкелуі керек», - дейді Арман Саданов.

Комитет өкілі Моника Камганзаның Қазақстан аумағынан бір рет шықса, қайта кіре алмай қаламын деп қорқып отырғанын айтады.

«Оның мәселесімен қоғамдық ұйым айналысып жүр. Оларға да заңды жолын көрсеткенбіз. Бірақ конголық азаматша Мәскеуге барса, қайтадан бұл жаққа кіре алмай қалуым мүмкін деп қауіптенеді. Сол үшін әр жолы әр түрлі себеп-салдар айтып, уақыт созуда», - дейді ол.

Көші-қон комитетінің өкілі Моника Камганзаның ЭКСПО көрмесінен кейін осындай жағдайға тап болған жалғыз шетелдік екенін де айтты.

Еске салсақ, бұған дейін конголық Моника Камганзаның туған жеріне орала алмай жүргені туралы ақпарат тараған болатын.

Соңғы жаңалықтар