Конго мұнайының Қазақстанға қандай пайдасы бар
Конго Президенті Дени Сассу-Нгессоның Қазақстанға сапары аясында бірқатар келісім жасалды. Мәселен, екі ел мұнай-газ саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып үлгерді. Өз кезегінде Ақордада өткен келіссөздерден кейін Дени Сассу-Нгессо Қазақстанды Конгоның мұнай секторына инвестиция салуға шақырғаны мәлім болды. Осы тұста Kazinform тілшісі қос елдің мұнай саласындағы ынтымақтастығынан не күтуге болатынын болжап, сарапшылардың пікірін сұрап көрді.
Сонымен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ) мен Конго ұлттық мұнай компаниясы (SNPC) Астанада мұнай-газ саласында ынтымақтастық орнатуға келісті. Бұл тұста SNPC-дің Total Energies, Chevron, Eni секілді өзге де халықаралық компаниялармен ынтымақтастықта жұмыс істейтінін айта кеткен абзал. Келісім мұнай және газ кен орындарын игеру, мұнай саласын техникалық қолдау, сұйық және газ тәрізді көмірсутектерді өңдеу объектілерін салу, шикі мұнайды жеткізу және мамандарды оқыту саласында ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған.
Алдымен Конго Республикаcы Орталық Африка аймағындағы экономикасы дамып келе жатқан шикізат экспорттаушы елдердің тізіміне кіретінін ескерейік. Сахараның оңтүстігінде орналасқан, Африканың үшінші ірі мұнай өндірушісі. Мұнайды сыртқа шығарушы елдер ұйымына (ОПЕК) мүше елдің мұнай қоры 2016 жылы 1,6 млрд баррельге бағаланатыны нақтыланған. Күніне шамамен 300 мың баррель мұнай өндіреді. Мұнайдан түсетін кірістер ішкі жалпы өнімнің 55 пайызын, экспорттың 85 пайызын және ел бюджетінің 70 пайыздан астамын алып отыр. Жыл сайын жалпы экспорттан түсетін табысы – 12,5 млрд доллар, оның 3/2 бөлігі қара алтынға тиесілі.
Инвестиция саласында тәжірибе жеткілікті
Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, Қазақстандағы ірі 3 жобаны (Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған) айтпағанда, ұлттық мұнай өндіру деңгейі жыл сайын төмендеп барады. Ал Қазақстан өзін мұнаймен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіп отыруға тиіс. Егер «Қазмұнайгаз» Африка елдерінде мұнай өндірер болса, оны сатып немесе өз еліміздің мұнай өндіретін зауыттарына жеткізіп, пайда таба алады.
– Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақытта мұнай келісімдері арқылы біраз нәрсені меңгердік. Мысалы, инвесторлардың іс-әрекеті, артықшылығы мен кемшілігін білеміз. Сондықтан Африка елдерімен келіссөздер жүргізген кезде де осы жақтарын қарастыру қажет. Негізі Африка елдерінің мұнай секторын инвестициялау арқылы Қазақстан көптеген артықшылықтарға қол жеткізе алады, – дейді ол.

Сондай-ақ маман өзге елдердің мұнай саласын инвестициялау ісінде «Қазмұнайгаздың» тәжірибесі жеткілікті екеніне сенімді. Десек те кейбір нюанстар барын естен шығармаған абзал.
– Егер мен қателеспесем, «Қазмұнайгаздың» Ирак елінің жобаларына инвестиция құйғаны бар, яғни мұндай жұмыстарға алғаш рет кірісіп отырған жоқ, халықаралық мұнай компанияларымен байланысы бар. Жаңа жобаларға еш қиындықсыз кірісуіне болады. Дегенмен техникалық тұрғыда «Қазмұнайгаздың» базасы жақсы дей алмаймыз. Chevron тәрізді алпауыт компаниялардың дәрежесіне жетпейді. Өзінің технологиясы болмаған соң өзге шетелдік компаниялар мен мамандарды өндіріске тартуға тура келеді. Африка елдеріне басты маңызды дүние ақша болып тұр, егер «Қазмұнайгаз» қажетті қаржыны бөле алса, жобаны шетелдік мамандардың көмегімен атқаруға болады, – деп толықтырды А. Исмаилов.
Сарапшы сөз соңында саяси мәселелерге байланысты көптеген Еуропалық мұнай компаниялары Африкадан кетіп жатқанын, енді Конго секілді елдер шетелдік инвесторларға мұқтаж екенін жеткізді. Сондықтан олар Қазақстанды мұнай бизнесіне ықпал ете алатын мемлекет санап отыр. Бұған дейін халықаралық компаниялармен жұмыс істеген ел ретінде Қазақстанның тәжірибесі жеткілікті. Бұның бәрі ортақ тіл табысуға негізгі себеп.
Пайдалы қазбаларды бірлесе өндіруге болады
Конго экспортының шамамен 3/2 бөлігі мұнайға тиесілі екенін айттық. Мұнайдан жылына 8 млрд доллар табыс тапса, оның жартысы Қытайдың үлесінде екен. Дегенмен аталған ел тек қара алтынға бай емес, жерінен шикізаттың көп түрі табылады және Конго бір жылда 3,3 млрд долларға бал экспорттаған. Бұл шамамен жылдық табысының 4/1 бөлігі болады. Тағы бір мұнай саласының сарапшысы Дінмұхаммед Құдайбергеновтің айтуынша, Қазақстан Конгомен басқа да салаларда ынтымақтастық орнатуға тиіс.
– Екі елдің де экономикасы экспорттық желіге ұқсас. Қазақстанның көмірсутектер мен мыс өндірудегі тәжірибесі, жүзжылдық тарихы бар. Менің ойымша, еліміз мұнай мен мыс, сондай-ақ қатты пайдалы қазбалар өндіру саласындағы бірлескен жобаларға қызығушылық көрсетуі мүмкін. Конгода атом өнеркәсібі мен электроникада пайдаланылатын сирек кездесетін металдар өндіріледі. Бұл тұста Қазақстан ірі уран өндіруші ел екенін, Өскеменде Үлбі металлургия зауыты сияқты сала алыптары бар екенін ескерген жөн, – деп түсіндірді Құдайбергенов.

Сарапшының сөзінен аңғарғанымыз, Қазақстан Конгомен байланысында тек мұнайға баса назар аудармау керек. Мүмкіндікті пайдалана отырып, пайдалы қазбалар, түрлі бағалы металдарды бірлесе өндіріп, Африка құрлығында өз абыройын таныта алғаны абзал.
– Мұнайдан бөлек, Қазақстан Конгодан бірқатар бағалы металды алдыра алады. Негізі Африка қазақстандық компаниялар үшін жаңа мүмкіндік іспетті. Себебі, бұған дейін ол жақта АҚШ-тың, Еуропаның және Қытайдың компаниялары жұмыс істеп, мұнайды өз елдеріне тасымалдады. Жалғастырып жатқандары да бар. Ал біз қызмет көрсету жағын қарастырсақ болады. Сондай-ақ біздегі экспорт үшін де жаңа кеңістік ашуға қолайлы жағдай бар. Отандық өнімдерді жеткізуге мүмкіндік қарастырып, сауда қарым-қатынасын дамытуға болады, – деп түйіндеді Дінмұхаммед Құдайбергенов.
Қорыта айтқанда, екі елдің мұнай саласындағы жаңа келісімдері жақсы пайда әкелуі мүмкін. Сарапшылардың да пікірі осыған саяды. Өзге құрлықтағы осындай жаңа бастамалар арқылы Қазақстан салада жаңа тәжірибелер жинап, келешекте жұмыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік алары даусыз.