Конституция - қоғам дамуын қалыптастыратын барлық заңдардың негізі - сенатор Серік Ақылбай

АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Осыдан 17 жыл бұрын, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан тарихында ел дамуының түбегейлі өзгерісіне жол ашатын қадам жасалды.

Конституция - қоғам дамуын қалыптастыратын барлық заңдардың негізі - сенатор Серік Ақылбай

Жалпыхалықтық референдум арқылы   қазақ халқы өткен бабаларымыздың жолын саралай, бүгінгі һәм келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілікті терең түсіне отырып, тәуелсіз Қазақстанның ең Жоғарғы заңын - Конституцияны қабылдады. Тұтастай халықтың ерік-жігерін білдіретін осынау Ата заң мемлекетіміздің жан-жақты дамуына жол ашты. Сондықтан да, еліміздің аса маңызды мемлекеттік мерекелерінің қатарында Қазақстанның Конституциясы күні де ойып тұрып орын алды. Мерейлі мереке күніне орай ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай мырзамен болған сұхбатта Ата заңның ел өміріндегі рөлі мен мәні турасында әңгімелескен едік.

-Серік Байсейітұлы, 1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуында қандай рөл атқарғанына тоқтап өтсеңіз?

- Шын мәнінде 1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстан халқының бостандық пен тәуелсіздікке, мемлекеттілік пен заңдылыққа ұмтылысының жүзеге асқан көрінісі десе де болады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы да ұдайы айтып келеді. Конституция кепілі Мемлекет басшысының өзі, және де Елбасы мемлекетіміздегі саяси, экономикалық жаңғырулардың бастамашысы мен соның ілгерілетушісі де болып отырғаны айдан анық. Ал осы бағыттағы реформаларға жол ашып, егемен ел болып қалыптасуымызға Конституция зор рөл атқарды деп білемін.

Біздің ата бабаларымыз ғасырлар бойы дәл бүгінгідей біртұтас, тәуелсіз әрі қуатты мемлекетті құруды армандаған болатын. Менің ойымша, бабалар арманының бәрі Негізгі Заңымызда - тәуелсіз Қазақстанның Конституциясында толығымен көрініс тапты. Осы арқылы біз бүкіл әлемге өзіміз таңдаған дамудағы даңғыл жолымыз туралы жариялай алдық. Осы Ата заң негізінде елдегі реформаларды қарқындататын 1 860 заң қабылданды, яғни сол заңдар арқылы Негізгі заңда қамтылған идеялар өмірге еніп жатыр.

Бұдан бөлек, жаңа Конституцияны қабылдау бір жағынан бір экономикалық формациядан басқасына, яғни социалистік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуге де байланысты болды. Расында, экономика кез-келген мемлекеттің дамуын айқындайтын басты факторлардың бірі. Ал сол экономика дұрыс бағытта өрлеуі үшін және біз өзіміз жоғары бағалайтын адам құқықтарын жүзеге асыру үшін  қажетті шарттарды қамтамасыз етуге де осы Конституция керек болды. Енді соңғы Конституцияның бұған дейінгілерден айырмашылығына келетін болсақ, бұнда ең бірінші орынға, мемлекеттің ең басты құндылығына - адам және оның өмірі, бостандығы мен құқығы шығарылып отыр. Ал осынау Негізгі заңға сүйеніп қабылданған басқа да заңнамалар түптің түбінде елдің әрбір азаматының еркін өмір сүріп, дамуына, жұртшылықтың өз болашағы үшін алаңдамауына бағытталады. Конституция - барлық заңдарымыздың негізі. Сондықтан да Конституцияны «Ата Заң» деп бекер атамаймыз. Бір сөзбен айтқанда 1995 жылы қабылданған Конституцияның ел дамуындағы рөлі айрықша.

-Ал одан кейінгі  2007 жылғы конституциялық реформаның мәніне тоқталсаңыз? Осы өзгерістер елді демократияландыру үдерісін дамытуға қаншалықты әсер етті?

 - Осы реформаның негізгі нәтижелері ретінде, оның ішінде мемлекет формасының эволюциясы тұрғысынан мыналарды атағым келеді: жоғары мемлекеттік органдар жүйесінде көппартиялы жүйенің басты элементтерін қалыптастырдық және мемлекеттік жүйенің заң шығарушы органның, ҚР Парламент Мәжілісі қызметінің айтарлықтай және шешуші бөлігіндегі партиялық қалыптастыру тетіктерімен интеграция мәселелері мығымдана түсті.  Халықтың сайлау үдерісі жетілді.  Бұл ретте шетелде кеңінен таралған, ілгері саналатын пропорциональды сайлау жүйелеріне көшу ерекше мәнге ие болды.

Тағы бір мәселе Парламенттің мәртебесіне қатысты. Бұл мәртебе шыны керек сол жолғы өзгерістерге дейін де талай мәрте әңгіме болған. Тіпті 2005 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге көңілі толмай жүргендер де Парламенттің мәртебесін қамтитын конституциялық өзгерістерді бірауыздан құптады. Өйткені, белгілі бір жағдайда ондай өзгерістер мемлекет формасының келесі эволюциясында маңызды мәнге ие болатыны айдан анық еді. Кейіннен конституциялық реформа арқасында  ҚР Парламенті Мәжілісіне келетін саяси партиялардың рөлі айтарлықтай артты, партиялық және парламенттік фракциялар мен олардың лидерлері жоғары лауазымды және жеткілікті дәрежелі тұлғалар ретіндегі иерархияның жаңа элементтері рөлін иемденді.

Конституциялық реформаның және бір маңызды элементтері жергілікті жерлердегі әкімдердің билігіне бірқатар шектеулер мен жаңа өзара байланыс тетіктерін іске қосу, жергілікті өкілетті органдар мәслихаттарға және әкімдер арасындағы қарама қарсы қатынастарды нығайтуға да қатысты болып табылады. Осылайша, мемлекеттік биліктің тұтастай жүйесінің, яғни атқарушы, өкілетті және заң шығарушы биліктің арасындағы байланыстың өзара бірлігі нығая түсті.

Ата заңнан туындайтын нормаларға сәйкес, Президентпен тағайындалатын парламентшілер санын арттыру, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламентке өкілдер бекіту де ел дамуының өзіндік таңдаған сара жолы десе болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының осынау тәжірибесіне қызығушылардың арта түсуін де сонымен түсіндіруге болады. Осы арқылы еліміздегі этникалық ұйымдар өз өкілдерін заң шығарушы органға жолдайтын мүмкіндікке тұңғыш рет ие болып отыр.   Парламентке қатысты, оның ішінде қос палата актілеріне қатысты Конституциялық Кеңестің өкілеттіктері де біршама нығайды. Осыған орай, алдағы уақытта да заң шығарушы және атқарушы биліктің баланстық күштерінің нығаюына орай, конституциялық бақылау органының да рөлі біршама өсуі мүмкін деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе: конституциялық реформаларға сәйкес Сенат Мәжілістің уақытша қызметінде болмауы кезеңінде тұтастай Парламенттің рөлін бір өзі атқаратын өкілеттікке ие болды. Бұл норма негізінен Мәжілістің мерзімінен бұрын өкілеттігі тоқтатылған уақытта жүзеге асады. Дәл осы норманы дағдарысқа қарсы норма ретінде қарастырса да болады.  Яғни ендігәрі заңдарды, оның ішінде конституциялық заңнамаларды Мәжіліс секілді Сенат та бір өзі талқылап, мақұлдай алатын болды. Ондай игі тәжірибені былтырлары қолданыста көрсете де алдық. Осы тұрғыдан алғанда Сенаттың мәртебесі де жоғарылады.

Құқықтық жүйенің кейбір бағыттарын да жаңаша дамытуға жол ашылды. Оның өзі адам құқы мен бостандығын қорғауда оң әсер беретін болады. Өлім жазасына кесу мен соттар арқылы тұтқындауға санкция беру мәселелері де өзектене түсті.

Жалпылама алғанда, конституциялық реформаның арқасында Парламенттің төменгі палатасы демократиялық құндылықты бекем ұстайтын дамыған мемлекеттердің үлгісі бойынша көппартиялыққа қадам басты. Соның нәтижесінде алдағы уақыттарда да жоғары мемлекеттік  лауазымдарға тағайындаулар барысында саяси партиялар арасындағы бәсекелестік қайнайтын болады. Ал мұндай тағайындаулар партиялық фракциялар бақылауымен, қадағалауымен жүзеге асады. Әрбір фракция өзінің өкілін ұсыну мүмкіндігіне ие бола алады. Жоғары рангілі шенеуніктерді баламасыз тағайындауға қатысты мәселені қоғам қашанда дұрыс қабылдамағаны белгілі. Сондықтан да, Конституцияда қарастырылғандай Парламент арқылы  жауапты тұлғаларды жоғары лауазымдарға тағайындау көппартиялық жүйе ендеген сайын аса маңызды әрі өзекті дүниеге айналатыны сөзсіз.

- Сіз Қазақстан Парламентінің болашақтағы рөлін қалай бағалар едіңіз?

- Мен келешекте Қазақстан парламенттік республика болады деп ойлаймын. Әрине, бүгінгі жағдайымызды сараласақ, біздің кешегі ғана жүріп өткен жолымыз бен тарихымызға көз жүгіртсек басқарудың  ондай түрі туралы ойлауға әлі ертерек деп білемін. Дегенмен, президенттік-парламенттік басқарудың ауылы алыс емес. Тіпті қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан үдерістерде мны аңғаруға болады. Мәселен, жоғары лауазымды тұлғаларды қызметке Парламенттің келісімімен тағайындау, барлық халықаралық келісімдерге Парламенттің келісімін алу, Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы заң шығарушы билік алдында есеп беруі,  Үкімет сағаттары, бюджетті қабылдау - мұның барлығы президенттік-парламенттік басқару жүйесінің айқын белгілеріне жатады. Осылайша, Парламент мемлекеттік басқаруға, оның ішінде елдің әлеуметтік дамуына етене араласып келеді. Бұның өзін депутаттардың тұтастай өңірлердегі жұртшылықтың мүддесіне өкілдік етуімен де түсіндіруге болады.

-Өткен жолы баспасөзде жарық көрген Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда үлкен қозғалыс тудырғаны мәлім. Сіздің ойыңызша, осы мақалада қамтылған идеяның басты құндылығы неде?

-Басты құндылық - еңбек етушінің жағдайын жасау. Расында, бұған дейінгі Қазақстан тарихында болған Конституцияларда еңбек ету құқығы мен еңбекке міндеттілік туралы айтылған болатын. Бір кездері еліміздің барлық азаматтары жұмыс істеуге міндетті еді. Кеңестік кезеңде жұмыссыз адам болмайтын, баршамыз сегіз сағаттық жұмыстан босамайтынбыз. Тіпті сол тұста ешнәрсе бітірмей, ештеңе өндірмесең де сегіз сағаттық жұмыс күнін өткізуге міндетті болатынсың. «Қанша жұмыс істесең сонша ақша аласың» деу болмайтын. Бір жағынан жұмысы ауырлар да болды. Ондағы  қиындық қанша өліп-талып жұмыс істесе де бекітілген мөлшерден бір тиын да артық ала алмайтын.

 Ал бүгінгі заман басқа. Бұл заман елден бәсекелестікті, еңбек өнімділігін талап етеді. Тағы да, Ата заңның арқасында деп айтуға болады, нарықтық экономикаға өттік, еркіндік баршылық, кім немен айналысса да өзінің еркі. Яғни әр азаматтың еңбек ету еркіндігі бар, алайда еңбекке деген құқық Конституцияда қаралмаған. Жоғарғы оқу орнын бітірдің бе, бұрын міндетті түрде жұмысқа орналасуың керек болатын, онда да жолдамамен, жоспарлы түрде еді. Ал қазір олай жасау тіпті де мүмкін емес. Яғни, біздің экономикамыздың өзі нарықтық болғандықтан, мұнда да еңбек нарығы қалыптасты. Ендеше еңбек нарығының да өз сұраныстары артықшылықтары бар. Сол нарықтағы кадрларға деген сұранысқа қарай азаматтарды бейімдеу өзекті. Оның ішінде кәсіби маманға деген сұраныс зор. Сондықтан да, кез келген маман кәсіби болуға ұмтылса игі.

Дәл осы тұрғыдан алғанда Мемлекет башысы жалпыға ортақ еңбек қоғамы туралы айта келе, Конституциядағы ерікті еңбек туралы ережені жүзеге асыруға барынша мән береді деп ойлаймын. Ең бастысы Елбасы азаматтарымыздың мамандық алуы мен оларды еңбекпен қамтудың жағдайларын жасауға барынша назар аудару керектігін алға тартады. Бұл жоғарыда айтқанымыздай Конституция нормасын жүзеге асырумен тығыз байланысты мәселе. Яғни, мемлекет азаматтарының оқуы, білім алуы, мамандыққа ие болуы, сондай-ақ олардың жұмысқа орналасуы үшін жағдайды толық қамтиды. Оқу мен өндірістік еңбек арасындағы байланысты да үзбеуді қарастырады.  Арғы жағы жоғарыға талпынған азаматтардың өз еншісіндегі дүние.  Осы тұрғыдан алғанда Президенттің бағдарламалық мақаласы Конституция нормасында қамтылған идеяны жүзеге асыруға  бағытталған деп білемін.

- Әңгімеңізге рақмет.