Конституция күні мерекесінде Ақтөбеде 50 жұп неке қидырды

Ақтөбелік жас жұбайлар бүгін салтанатты түрде неке қидырды. Конституция күніне арналған шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
«22 жыл бұрын қазақстандықтар жалпы референдумда еліміздің Конституциясын қабылдады. Өткен жылдардың ішінде Қазақстанның Конституциясы өзінің өмірлік күшін дәлелдеді. Конституцияның арқасында еліміздің экономикасы дамып, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі жылдан жылға артып келеді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін Ата Заңымыздың арқасында жүзден астам ұлттардың өкілдері Қазақстанда бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Осының барлығы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының тұрақтылығын айғақтайды»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбе қаласының орталық даңғылына 12 мыңнан аса адам жиналып, мерекелік шеруге қатысты. Мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер мен кәсіпорын жұмысшылары сап түзеп, мерекелік бағдарламаны тамашалады.
«Бүгін Конституция күні, өзімнің туған күнім және үйлену тойы. Үш мереке қатар келді. Өзім 50 жастамын. Жастармен бірге келіп, алаңда неке қидырдым. Біздің басқосуымызға туыстарымның таныстары себеп болды. Өте қуаныштымыз»,- деді Серік Қылышбаев.
Айта кетейік, отбасы құрғанына 65 жыл толған Бақыт пен Ольга Ізбасаровтар жас жұбайларға өз өсиетін айтты. Неке қидырған жастар вальс билеп, шар ұшырды.