Конституциялық кеңестің мүшелері елорда жастарымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында Конституциялық кеңес мүшелерінің жастармен ашық-жарқын кездесуі өтті. Кездесуге келгендердің басым көпшілігі тәуелсіз Қазақстан өз Ата заңын жаңа қабылдап жатқанда туған жастар екен.

Конституциялық кеңестің мүшелері елорда жастарымен кездесті

«Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы біздің өткеніміз бен болашағымызды байланыстырды, себебі қазіргі Конституцияда еліміздің бүкіл құндылығы қорғалған. Қазақстанның қазіргі Ата заңы - Қазақстанның өзге елдермен ортақ мүддесін жеке құндылықпен теңестіріп, әлемдік тәжірибені ұлттық тәрбиемен ұштастырып отыр. Бүгін өтіп жатқан кездесу жастарға осыны ұғындырады», - дейді Конституциялық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Виктор Малиновский. Ал Конституциялық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Анар Жайылғанова жастардың сұрағына жауап бере келе: «Бүгінгі жастардың кейбірі Конституция мен қоғам арасында байланыс жоқ деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Конституция - қоғамның ажырамас бөлігі, сол сияқты сендер, жастар да Конституцияның ажырамас бөлігісіңдер. Біздің бүгінгі жарқын өміріміз осы Ата заңымыздың арқасы», - деген ойын жеткізді.