Конституциялық Сот құрылғалы бері 2 мыңнан астам өтініш түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституциялық Сотқа биылғы 7 сәуірге дейін осы органға жүгінуге құқығы бар субъектілерден 2179 өтініш түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституциялық Сот құрылғалы бері 2 мыңнан астам өтініш түсті

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта 355 өтініш қарауда. Конституциялық іс жүргізуге 12 өтініш қабылданды, тағы 36 өтінішті судьялар алдын ала зерделеуде.

«Өтініш берушілер негізінен соттардың шешімдерімен келіспеу – 43%, нормативтік құқықтық акті немесе оның жекелеген ережелерін конституциялық емес деп тану – 21%, ақпаратқа қол жеткізу – 3,6%, еңбек және зейнетақымен қамсыздандыру – 2,3%, қылмыстық-атқару жүйесі – 1,3% және өзге де мәселелер бойынша жиі жүгінгені көрінеді.

Осы аралықта азаматтардың өтініштері бойынша төрт нормативтік қаулы шығарылды. Атап айтқанда, Конституциялық Сот Салық кодексінің, Қылмыстық-атқару кодексінің, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың жекелеген нормаларын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның жекелеген нормаларын Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды», - делінген Конституциялық Сот таратқан жазбада.

Өтініштердің басым бөлігі Астана және Алматы қалаларынан, Қостанай, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан келіп түсті.