Конституцияда адам құқықтары мен сөз бостандығы толық сақталған — Артур Ластаев

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның VII отырысында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Ата заңның жаңа жобасында адам құқықтары мен сөз бостандығы толық сақталғанын айтты.

Приоритет прав человека станет частью «ДНК государства» — Артур Ластаев
Фото: Видеодан скрин

Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасында адам құқықтары бұрынғыдан да күшейтілген. Қазақстан тарихында алғаш рет Конституцияның преамбуласында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау қағидаты жарияланып отыр. Сонымен қатар бұл норма мемлекет қызметінің негізгі принциптерінің бірі ретінде бекітілген.

— Осылайша адам құқықтарының басымдығы мемлекеттің барлық қоғамдық институтының ДНҚ-сына органикалық түрде енгізіліп отыр. Жиынтық түрде алғанда, бұл мемлекет пен азаматтар үшін құндылықтық бағдарларды қалыптастырады, — деді Ластаев.

Сондай-ақ ол адам құқықтарына арналған бөлімнің атауының өзгертілуі олардың айрықша маңызын тағы бір мәрте айқындайтынын атап өтті. Аталған бөлім іргелі түрде үш негізгі тірекке — құқықтарға, бостандықтарға және міндеттерге сүйенеді.

— Қарапайым тілмен айтқанда: мен істей аламын, мен таңдаймын, мен міндеттімін. Осы санаттар жеке және қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, рұқсат етілген, еркін және міндетті мінез-құлықтың шегін айқындайды, — деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Айта кетейік, жаңа редакциядағы Конституция сөз бостандығына кепілдік беріп, цензураға тікелей тыйым салуды нақты бекітеді. Бұл туралы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар