Конституцияда табиғатты қорғауға азаматтық жауапкершілікті бекіту маңызды – Сергей Пономарев
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Конституцияда Қазақстан азаматтарының табиғатты сақтауға қатысты азаматтық жауапкершілігін бекітудің маңызын қолдады. Бұл туралы ол Конституциялық комиссияның үшінші отырысында айтты.
Депутаттың айтуынша, еліміздің Ата заңында табиғатты қорғау міндетін айқындау қазіргі экологиялық күн тәртібіне сай келеді. Ол Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологияны қорғаудың әрбір азамат үшін қаншалықты маңызды екенін нақты көрсеткенін атап өтті.
– Біз – Қазақстан халқы біртұтаспыз және қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, таза, тұрақты, жайлы елде өмір сүргіміз келеді. Табиғатқа қамқорлық жасаудың маңызын конституциялық түрде бекіте отырып, қазіргі және болашақ ұрпақ алдында жоғары жауапкершілік танытамыз, - деді депутат.
Отырыс барысында табиғатты қорғауға қатысты Конституцияда көзделуі мүмкін бірқатар нормалар айтылды. Атап айтқанда:
– Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа қамқорлықпен қарауға міндетті;
– лауазымды тұлғалардың адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін деректер мен фактілерді жасыруы заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соқтырады.
Сондай-ақ Сергей Пономарев сөз бостандығы, цензураға тыйым салу және ақпаратты еркін алу мен тарату құқығына қатысты Конституция нормаларының маңыздылығына тоқталды.
– Біз комиссия жұмысын тікелей эфирде жүргізу арқылы өзіміздің ашық екенімізді көрсетеміз. Конституциялық өзгерістер өз табиғаты бойынша мемлекеттің және қоғамдық келісімнің негіздерін өзгертеді, сондықтан олар жабық режимде талқылана алмайды. Тікелей эфир – тек техникалық формат емес, қоғамға сенімнің және мемлекеттің диалог жүргізуге дайын екендігінің көрсеткіші, - деді ол.
Депутаттың айтуынша, елімізде жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен институционалдық жауапкершілік қағидаттарын ескерсек, Конституциялық комиссия жұмысының ашық форматта өтуі осы бағыттың қисынды жалғасы болып табылады.
– Ашық отырыстар – бұл тек ақпараттандыруға ғана емес, сонымен қатар азаматтарды бұл процеске тартуға жасалған қадам, - деп түйіндеді Сергей Пономарев.
Айта кетейік, 2026 жылдың 22-24 сәуірі аралығында Қазақстан астанасында қоршаған орта мен су ресурстары проблемаларын талқылау және өзекті мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізу үшін мемлекет басшыларын, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың жетекшілерін бір алаңда біріктіретін алғашқы Өңірлік экологиялық саммит өтеді.