Конституциядан «Астана» қаржы орталығына қатысты норма жойылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев қоланыстағы Ата заңнан «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысты норманы алып тастауды ұсынды.
– Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының 4-бабының 6-тармағы елдің экономикалық дамуына қатысты мәселелерге арналған. Осы мақсатта Республика аумағының жекелеген бөліктерінде немесе олардың шегінде арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі көзделіп отыр. Мұндай режим қаржы саласында немесе «даму қарқыны озық қаласында» қолданылуы мүмкін, яғни, бірінші жағдайда 2018 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан Астана халықаралық қаржы орталығы туралы болса, екінші жағдайда – Алатау қаласы жөнінде айтылып отыр. Осыған байланысты қаржы орталығына қатысты норманы елдің Негізгі заңының қазіргі редакциясынан алып тастау ұсынылады, - деді министр.
Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, бұл тәсіл мемлекеттің унитарлығы, оның аумақтық тұтастығы туралы қағидаттарды сақтай отырып, экономикалық мәселелерді шешуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
– Бұл шешім орнықты әрі болжамды конституциялық-құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған. Аталған мәселені конституциялық заң деңгейінде нақтылауға болады, - деді ол.
Айта кетейік, Конституцияға қылмыстық процесте прокурор мен адвокаттың мәртебесін тең ететін норма енгізілмек.