Конституцияға Құрылтай депутаттары министрлерді лауазымынан босататын норма енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында Құрылтайдың Үкімет жұмысына ықпалы туралы норма енгізу ұсынылғанын айтты.
- Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау, бекіту Құрылтай құзыретінде болады. Құрылтайдың бұл есепті бекітпеуі Үкіметке сенімсіздік білдіретінін көрсетеді, - деді ол.
Құрылтай депутаттары көпшілік дауыспен министрлердің тағдырына әсер етуі мүмкін.
- Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен ҚР Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есебін тыңдауы, республика заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдаудың қорытындысы бойынша ҚР Президентіне Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы мәлімдеме қабылдау құқықтары тиісті жекелеген нормада нақтыланды. Мұндай жағдайда ҚР Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады, - деді сенатор.
Айта кету керек, бұл айтылып отырған нормалардың бәрі әзірге ұсыныс қана. Нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.
Дәл қазір Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр.
Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында мәтін трансляциясы болады.
Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.