Конституциялық орган сот жүйесіне кірмейді — Назгүл Тұяқбаева

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияда Конституциялық соттың мәртебесі алғаш рет айқындалып, ол Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретінде белгіленді. 

Конституциялық орган сот жүйесіне кірмейді — Назгүл Тұяқбаева
Фото: Видеодан скрин

Бұл туралы ҚР Конституциялық сотының аналитигі Назгүл Тұяқбаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

Оның айтуынша, Конституциялық соттың негізгі міндеті — Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етіп, конституциялық бақылауды жүзеге асыру.

— Жаңа Конституцияның нормаларына сәйкес Конституциялық сот Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін және конституциялық бақылауды жүзеге асыратын тәуелсіз мемлекеттік орган мәртебесіне ие болды, — деді Назгүл Тұяқбаева.

Спикердің сөзінше, Конституциялық соттың басқа соттардан басты айырмашылығы — оның жалпы сот жүйесіне кірмейтінінде.

— Конституцияға сәйкес мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлінеді. Ал Конституциялық сот бұл билік тармақтарының ешқайсысына кірмейтін тәуелсіз мемлекеттік орган болып табылады. Оның басты миссиясы — Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және конституциялық бақылауды жүзеге асыру, — деді ол.

Назгүл Тұяқбаеваның айтуынша, Конституциялық соттың өкілеттігіне жаңа бағыт та енгізілген.

— Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің Конституцияға сәйкестігін қарау өкілеттігіне ие болды, — деді Назгүл Тұяқбаева.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция жобасында Халық кеңесіне заңнамалық бастама көтеру және республикалық референдум өткізуді ұсыну құқығы берілетіні туралы жазғанбыз.