Халық кеңесі заң бастамасын көтеріп, референдум ұсынуға құқылы — Серік Ақылбай
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияға сай құрылатын Халық кеңесі заң жобаларын ұсынуға бастамашы болып, референдум өткізу жөнінде ұсыныс енгізе алады. Бұл туралы «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Оның айтуынша, Халық кеңесі халық пен билік арасын жалғайтын конституциялық өкілетті органға айналады.
— Кезінде Ұлттық құрылтайдың мүшесі болдым. Сол уақытта өңірлерден келген мүшелер түрлі ұсыныс айтып, қордаланған мәселелерді шешу жолдарын көтеретін. Соңғы бес жылда Құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде 27 заң қабылданды. Енді Халық кеңесі конституциялық өкілетті орган мәртебесіне ие болды, — деді Серік Ақылбай.
Оның сөзінше, жаңа институттың өкілеті бұрынғыдан әлдеқайда кең.
— Халық кеңесі заңдарға ұсыныс енгізіп, заң шығару бастамасын көтере алады. Сонымен қатар референдум өткізу мәселесін ұсынуға құқылы. Бұл — бұрын болмаған мүмкіндік. Яғни халықтың пікірі жай айтылып қоймай, нақты ұсыныс ретінде рәсімделеді, — деді ол.
Серік Ақылбайдың айтуынша, Халық кеңесі енгізген ұсыныстарды мемлекеттік органдар міндетті түрде қарауға тиіс.
— Мемлекеттік органдар Халық кеңесінің ұсыныстарын қарауға міндетті. Осылайша халық пен билік арасын жалғайтын жаңа институт қалыптасады, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция халық билігін күшейтетінін жазғанбыз.