Конституциялық өзгерістер құқықтық мемлекет құруға берік негіз қалайды — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жүріп жатқан конституциялық реформалар қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Бұл өзгерістердің мәні мен маңызы туралы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы Мақсат Елікбай пікір білдірді.
Конституциялық комиссияның мәліметінше, алдағы уақытта Ата заңда адамның жеке басына тиіспеу және әлемдік тәжірибеде бар «Миранда ережесі» (күдіктінің ұсталу сәтінде құқықтарын түсіндіру) жеке бап ретінде бекітілмек.
Ғалымның айтуынша, бұл нормалардың дербес мәртебе алуы құқық қорғау жүйесін реформалауға тікелей әсер етеді.
— Бұрын бұл қағидалар тек сот төрелігі аясында ғана қарастырылса, енді олар тікелей қолданылатын конституциялық құқық мәртебесіне ие болады. Бұл дегеніміз — азамат полиция қызметкерлерімен жолыққан сәттен бастап оның конституциялық қорғанысы іске қосылады деген сөз. Егер адамға өз құқықтары түсіндірілмесе, Ата заңды өрескел бұзу болып саналады және ондай жолмен алынған айғақтар заңсыз деп танылады, — дейді Мақсат Елікбай.
Реформа аясында институционалдық реформалар, соның ішінде бір палаталы Парламент — Құрылтай құру және Вице-президент лауазымын енгізу мәселелері де басты назарда.
Сарапшы бұл қадамдардың артықшылықтары мен жауапкершілігіне тоқталды.
— Екі палаталы жүйеде заң жобаларының «сүзгіден өтуі» ұзаққа созылатын еді. Енді бір палаталы Құрылтай заңнамалық процесті жылдамдатып, дағдарыстық жағдайда әрекет ету қабілетін арттырады деп санаймын. Сонымен қатар «бір палата — екінші палата кінәлі» деген жауапкершіліктен жалтару жойылады, яғни Парламенттің саяси салмағы күшейеді деген сөз, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, «Құрылтай» атауының таңдалуы мемлекеттілік дәстүрімізді жаңғыртып, халықтың билікке деген сенімін нығайтпақ. Вице-президент институты болса, билік сабақтастығы мен транзиттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетік болмақ. Сондай ақ, Мақсат Елікбай Ата заңның жаңартылуы — бұл тек бастама екенін ескертті.
— Жаңа Конституция құқықтық мемлекетті автоматты түрде орната салмайды, бірақ соған жетелейтін берік негіз қалайды. Адамды «құқық объектісі» емес, «субъектісі» ретінде тану арқылы біз антропоцентрлік модельге көшеміз. Ендігі басты міндет — тәуелсіз сот төрелігі мен әрбір азаматтың конституциялық мәдениетін қалыптастыру, — деп түйіндеді заң ғылымдарының докторы.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс Жаңа Конституция жобасын талқылайтынын жазған едік.