Конституциялық реформа билікті азаматтарға жақындата түсуі керек – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы конституциялық реформа мемлекеттік билікті барынша ашық, қоғам алдында есеп беретін және азаматтарға жақын етуге бағытталған. Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында осындай ой айтты.
Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер формалды жаңғырту шеңберінен шығып, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға арналған.
– Әңгіме билік ашық әрі қоғамға есеп беретін, ал институттар жедел әрі әділ жұмыс істейтін мемлекеттің жаңа архитектурасы туралы болып отыр. Бүгінде адамдарды кез келген құқықтық тұжырымдардан гөрі көбірек толғандыратын бір қарапайым сұрақ бар. Осы реформадан кейін мемлекет адамдарға жақындай түсе ме? Жауабымыз «иә» болса, демек біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын, - деді депутат.
Сондай-ақ ол реформаның тиімділігі жаңа институттардың санына қарай емес, азаматтардың өміріндегі нақты өзгерістер арқылы бағалануға тиіс екенін атап өтті. Асхат Рахымжанов адам құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктерді кеңейтудің, соның ішінде заңда белгіленген рәсімдерді сақтай отырып, бейбіт жиналыстар өткізу құқығын қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салды.
– Біз Конституцияны Конституция үшін өзгертіп отырған жоқпыз. Біз Конституцияны адам үшін өзгертіп отырмыз, - деді ол.
Депутат Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың әлемдегі демократиялық үдерістерге сай келетінін және халықаралық социал-демократиялық қауымдастық тарапынан қолдау табатынын айтты.
– Бұл елдегі конституциялық өзгерістердің оқшау саяси эксперимент ретінде емес, жаһандық демократиялық трансформацияның бір бөлігі ретінде қабылданып отырғанын көрсетеді, - деді Мәжіліс депутаты.
Айта кету керек, Конституциялық комиссия отырыстарында ұсынылып жатқан бастамалар мен нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді. Дәл қазір Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр.