Конституциялық реформаға қатысты тарихи құжаттар Президент Архивіне тапсырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдау рәсімі өтті.

Конституциялық реформаға қатысты тарихи құжаттар Президент Архивіне тапсырылды
Фото: Kazinform

Құжаттар кешенінің құрамына қағаз түріндегі құжаттармен қатар Комиссияның қызметі мен конституциялық реформаны қоғамдық талқылау барысын көрсететін аудиовизуалды құжаттар, оның ішінде дыбыс жазбалары, цифрлық фотосуреттер және бейнеқұжаттар енді.

ҚР Конституциялық Соты Аппараты басшысының орынбасары Ерлан Сапаров ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимованың арнайы жолдаған сөзін жеткізді.

Конституциялық реформаға қатысты тарихи құжаттар Президент Архивіне тапсырылды
Фото: Kazinform

— Бұл құжаттар конституциялық шешімдерді іздеудің күрделі әрі жауапты үдерісін, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мемлекеттік дәстүрлерге сүйене отырып қабылданған таңдауларды көрсетеді. Оларды сақтау — өз тарихымызға, реформаны жүзеге асырған барлық қатысушылардың еңбегіне және мемлекеттің тарихи сабақтастығы қағидатына деген құрметтің көрінісі. Бұл сондай-ақ Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға қосылған маңызды үлес, — делінген.

Мемлекеттік сақтауға Конституциялық реформа жөніндегі комиссия қызметін қамтитын құжаттар кешені тапсырылды. Оның ішінде отырыстардың хаттамалары мен стенограммалары, фото және бейнематериалдар, сондай-ақ конституциялық реформаны қоғамдық талқылау барысында азаматтар мен азаматтық қоғам институттарынан келіп түскен 12 мың өтініш пен ұсыныс бар.

Конституциялық реформаға қатысты тарихи құжаттар Президент Архивіне тапсырылды
Фото: Kazinform

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина қазіргі Қазақстанның мемлекеттік дамуындағы аса маңызды кезеңдердің бірін айғақтайтын құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдаудың ерекше маңызын атап өтті.

Конституциялық реформаға қатысты тарихи құжаттар Президент Архивіне тапсырылды
Фото: Kazinform

— Кеше ғана Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Біз осы тарихи сәттің куәгеріміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталды. Бұл — мақсаты да, мағынасы да бұрынғыдан өзгеше, мемлекет пен қоғамды жан-жақты жаңғыртуға бағытталған даму жолы. Президент Архиві үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құжаттарының сақтауға қабылдануы үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осы құжаттардың негізінде болашақ ұрпақ еліміздің тағдырын айқындаған шешімдердің қалай қабылданғанын, конституциялық реформаның қалай әзірленіп, жүзеге асырылғанын түпнұсқа архивтік құжаттар арқылы жан-жақты зерделей алады, — деді Әлия Мұстафина.

Айта кетейік, Комиссия құжаттары үшін арнайы сақтандыру қоры жасақталады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві — ХХ–ХХІ ғасырлардағы Қазақстанның саяси тарихына қатысты құжаттарды сақтайтын ең ірі орталық. Архив қорлары 1918 жылдан бергі кезеңді қамтиды және бүгінде 1,5 миллионнан астам сақтау бірлігін құрайды. Жыл сайын Архив қорлары 10-15 мың жаңа іспен толықтырылады. Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардан бөлек, Архивке құжат тапсыратын ұйымдардың қатарында қоғамдық бірлестіктер, этномәдени орталықтар, тарихи-ағартушылық ұйымдар және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары да бар.

Еске сала кетейік, 1 шілде күні жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.