Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның келесі отырысы 28 қаңтарда өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформалар жөніндегі комиссиясының 4-отырысы 28 қаңтарда өтеді. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.
— Бүгін сіздермен жиынтық кесте бойынша жемісті жұмыс істедік. Пікір, ұсыныс алмастық, ой бөлістік. Жұмыс топтарының талқылау қорытыдылары бойынша қосымша ұсыныстар түсті. Олар жиынтық кестеге енгізіледі. Сонымен бірге 4-отырыста талқылайтын түзетулерімізді жоба мәтіні түрде рәсімдеуді ұсынамын. Себебі, кестені көрдіңіздер, өте үлкен. Бәріміздің де нақты жобаны көруге қызығушылығымыз бар. 4-отырысымыз сәрсенбі — 28 қаңтарда өтеді. Нақты уақытын қосымша хабарлаймыз, — деді комиссияның 3-отырысын қорытындыланған Эльвира Әзімова.
Айта кетейік, отырыста Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласы (кіріспе) және 33-бабына енгізілген өзгерістер жөнінде пікірін білдірді.
— Преамбула мәтінінде «мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деп жазылуы Конституцияның саяси-құқықтық және бағдарламалық құжат екенін дәйектей түседі. Осылайша Конституция заңдармен ғана шектелмей, білімге, ғылымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа да бағдар беретіндей болуы керек. Білім мен ғылым — адам әлеуетін дамытуға, инновация — технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, мәдениет пен рух — халықты біріктіруге қызмет етеді, — деді ол.