Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласына қандай өзгерістер енетінін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Конституциялық реформа комиссиясының үшінші отырысында Конституцияның преамбуласы (кіріспе) және 33-бабына енгізілген өзгерістер жөнінде пікірін білдірді. 

Үнзила Шапақ
Фото: Конституциялық сот

Оның айтуынша, Конституцияның «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы» деп басталуы — ұлттық келісім формасы, жекелеген топтар мен өңірлер емес, бүкіл халықты тең құқықтар мен ортақ жауапкершілік арқылы біріктіруін білдіретін өте ұтымды пайым.

— Преамбула мәтінінде «мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деп жазылуы Конституцияның саяси-құқықтық және бағдарламалық құжат екенін дәйектей түседі. Осылайша Конституция заңдармен ғана шектелмей, білімге, ғылымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа да бағдар беретіндей болуы керек. Білім мен ғылым — адам әлеуетін дамытуға, инновация — технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, мәдениет пен рух — халықты біріктіруге қызмет етеді, — деді Конституциялық комиссия мүшесі.

Үнзила Шапақ осы құндылықтарды Конституцияға енгізу Қазақстанды тек заңдық емес, өркениетті мемлекет ретінде көрсетуге, Конституциялық реформаның рухын толық ашып көрсетуге мүмкіндік беретінін айтып отыр.

Конституция преамбуласынан бөлек, Үнзила Шапақ 33-бапқа енгізілген азаматтардың сайлау және сайлану құқығын шектеуге қатысты қолдау бағытында жеке ойын білдірді.

— Сайлау және сайлану құқығы — азаматтың мемлекет ісіне тікелей қатысуын қамтамасыз ететін ең маңызды демократиялық құқықтардың бірі. Бұл құқықтар қазіргі Конституцияда да бекітілген. Әсіресе, сайланушыларға қойылатын шектеулерді Конституцияда емес, тек қолданып жүрген заңдармен реттеу биліктің саяси конъюнктурасына тәуелділікті туындатуы мүмкін. Бұл Әділетті мемлекет қағидатына сай емес, — дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың пікірінше, Конституциядағы шектеулер азаматтардың құқықтарын негізсіз қысқартпайды: олар тек сот шешімі арқылы және қоғам мүддесін қорғау мақсатында қолданылады.

Мысалы, әрекетке қабілетсіз немесе ауыр қылмыс пен сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды мемлекеттік билікке келуден шектеу — қоғамды қорғаудың конституциялық тетігі екенін айтады.

— Шектеусіз құқық — еркіндік емес, ол жауапкершілікпен үйлескенде ғана демократиялық қоғамға сай болады. Мемлекеттік билікке қойылатын моральдық және құқықтық талаптар демократиялық қоғам үшін қажет. Кімнің сайлануға құқығы бар, ал кімнің сайлануға құқығы жоқ екені ашық белгіленсе, қоғамдағы сенім артып, сайлау процесінің әділдігі күшейеді. Сайлану құқығына шектеулерді Конституцияда нақты бекіту билікке келетін адамдарға қойылатын талапты нақтылау арқылы құқықтық айқындық береді. Осылайша, сайлау құқықтары мен шектеулерді Конституцияда бекіту демократияны әлсіретпей, керісінше оны нығайтады. Ұсынылып отырған 33-баптың үшінші тармағын жаңа редакцияда қолдаймын, — деді Үнзила Шапақ.

Бұған дейін депутат Серік Егізбаев қоршаған ортаны қорғау бойынша Конституцияның екі бабын өзгертуді ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар