Конституцияның 30 жылдығы: рақымшылық аясында 4,1 мың адам босайды

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы келіп түсті.

тюрьма, осужденный, камера
Фото: ҚАЖК

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашеваның сөзіне қарағанда, заң жобасы Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты гуманизм қағидасы негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленді.

— Құжатта азаматтармен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, оның ішінде азаматтардың әлеумеуттік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, жүкті әйелдерді, ҰОС қатысушылары мен мүгедектерді және оларға теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босату ұсынылады, — деді С. Имашева Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ тілшілерге берген сұхбатында нақты босатылуы мүмкін адамдардың санын атап өтті.

— 4,1 мың адам босатылады. Алдын ала есептеулерге тоқталсақ, қылмыстық атқару мекемелерінен шамамен 632 сотталған, пробация қызметінің тізімінде тұрған 3,5 мың адам босайды. Ал бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталғанға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады. Сонда, барлық мерзім қысқарту 11 мың адамды қамтиды, — деді Ү. Шапақ.

Депутаттың айтуынша, 833 әйелге қатысты рақымшылық жасалады. Соның арасында 109-ы босатылса, 724 әйелдің жазаны өтеу мерзімі қысқартылады.

Еске салсақ, Қазақстан түрмелеріндегі 1 мыңнан астам әйел рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар