Конституцияның «Жалпы ережелер» бөлімінің атауын өзгерту ұсынылды – Комиссия отырысы

АСТАНА. KAZINFORM – Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева қазіргі Конституцияның «Жалпы ережелер» атты бірінші бөлімінің атауын «Конституциялық құрылыс негіздері» деп өзгертуді ұсынды.

Конституция
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

− «Конституциялық құрылыс негіздері» деген атау бөлімде мемлекеттің іргетасын құрайтын, бүкіл құқықтық жүйеге бағдар беретін негізгі қағидалар бекітілетінін білдіреді. Бұл мемлекеттік дамудың бағытын, биліктің ұйымдастыруын және Конституцияның өзге нормаларын түсіндірудің өлшемін айқындайтын базалық ережелер жиынтығы. Ал «Жалпы ережелер» атауы бейтарап әрі сипаттамалық сипатқа ие болып, конституциялық-құқықтық тұрғыдан осы бөлімдегі нормалардың иерархиялық мәртебесін жеткілікті деңгейде айқындай бермейді, − деді С.Имашева елордада өтіп жатқан Конституциялық комиссия отырысында.

Оның айтуынша, «Конституциялық құрылыс негіздері» атауы конституциялық құқықта орныққан, теория және конституциялық бақылау тәжірибесінде кеңінен қолданылатын, жалпыға бірдей танылған категория саналады.

Бөлімнің атауын өзгерту онда қамтылған қағидаттардың нормативтік мәртебесін күшейтеді, оларды конституциялық бақылауды жүзеге асыру барысында және құқықтық түсіндіру процесінде анағұрлым нақты әрі бірмәнді қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған нормаларды декларативті сипаттағы ережелер ретінде қабылдауды болдырмайды.

− Бұл құқықтық коллизияларды шешуде өте маңызды. Өйткені конституциялық құрылыстың негіздерін айқындайтын нормалар Конституцияның өзге ережелері мен қолданыстағы заңнама нормаларына қатысты басымдыққа ие болуы тиіс. Сондықтан Конституция логика мен құқықтық айқындық тұрғысынан «Конституциялық құрылыс негіздері» атауын қолдану орынды, − деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, Президент Ұлттық құрылтайдың V отырысында Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей қайта жазу керегін айтқан еді. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс.

Соңғы жаңалықтар