Копенгагенде Еуропаның түкпір-түкпірінен «Қайраттың» жанкүйерлері жиналып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Дания астанасы Копенгагенде Еуропаның әр елінде тұратын алматылық «Қайрат» клубының жанкүйерлері матч алдында бас қосып жатыр.
Команданы қолдауға барғандардың бірі — Копенгагеннен 192 шақырым қашықтықтағы Орхус қаласында тұратын Акбар Аюби.
Ол таңертең ерте жолға шығып, Дания астанасына жеткен. Содан кейін Франциядан арнайы осы ойын үшін ұшып келген достарын әуежайдан өзі қарсы алған.

— Қазір бәріміз стадион маңындағы бір дәмханада бас қосып, әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Кейбіріміз енді танысып жатырмыз. Көңіл-күй керемет, біз матчқа толық дайынбыз, — деді ол Kazinform тілшісіне.

Олардың қолында «Қайраттың» жалауы мен мойынорағыштары да бар.
Жанкүйерлер кешкі ойын басталар алдында «Паркен» стадионына жаяу баруды жоспарлап отыр.
Олардың сөзінше, бұл — клубқа қолдау білдірудің, бірлікті көрсетудің ең жақсы жолы.

Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің бесінші туры аясында «Копенгаген» командасымен кездеседі.

Матч бүгін, 26 қарашада Дания астанасындағы «Паркен» стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақыты бойынша 22:45–те басталады.
«Қайрат» футболшылары 25 қарашада Копенгагенде алғашқы жаттығуын өткізді.
Төрт турдан кейін «Копенгаген» мен «Қайраттың» әрқайсысында бір-бір ұпайдан бар және олар жалпы кезең кестесінде 33 және 34-орындарды тұр. Дат клубы тек соғылған және жіберілген голдар айырмасы бойынша жоғары тұр.
Еске салайық, бұған дейін Копенгагендегі Дания Корольдігі театрында өнер көрсетіп жүрген қазақ бишісі Мейрамбек Назарғожаев әуелі трибунада «Қайратқа» жанкүйер болып, жарты сағаттан кейін сахнада әйгілі «Щелкунчик» спектаклінде Ханзаданың партиясын билейтінін жазғанбыз.
Ол Kazinform тілшісіне екі бірдей маңызды оқиғаға дайындығы туралы айтып берген еді.