Көпұлттылық - біздің артықшылығымыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алған жылдары елімізде орасан зор өзгерістер орын алды. Сол оң өзгерістердің ішіндегі ең маңыздыларының бірі - конфессияаралық және ұлтаралық қатынастардың басты назарға алынуы. Ол қатынастар Қазақстандағы барлық ұлттар мен этностардың ұзақ жылдар бірге өмір сүруінен қалыптасқан кқөпғасырлық дана тәжірибеге сүйене отырып дамуда.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Қазақстан - ел Президентінің және бүкіл қоғамның ересен еңбегімен, тынымсыз күш салуымен ұлтаралық бірлікті сақтап қалған аз ғана посткеңестік елдердің бірі. Елбасының «тұрақтылық пен келісім - жылма жыл үзбей атқарылатын, ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып қалатын күнделікті еңбек деуге болады. Келісім мен бірлікті қай этностың өкілі екеніне қарамастан еліміздің әрбір азаматы көзінің қарашығындай сақтауы керек. Өйткені Отанымыздың, әрбір қазақстандықтың игілігі мен келешегі соған тікелей байланысты» деген сөзі бар.
Қазақстанда әрбір этностың өз тілі мен мәдениетін сақтауына және дамытуына барлық жағдай жасалған. 22 этностың тілі жеке пән ретінде мектептерде оқытылады. 100-ге жуық мектепте сабақ өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі. Этникалық ақпарат құралдарын қолдау үшін мемлекеттен арнайы қаржы қарастырылған және ол соңғы жылдары 4 есеге көбейтілді. Әртүрлі этностардың ұлттық театрларын, жалпы мәдениетін қолдауды да мемлекет ұмытқан емес.
Осылайша еліміздің ұлтаралық қатынастар саласында жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаты барлық этникалық топтардың дамуына қолайлы жағдай туғызып отыр. Сонымен бірге ұлтаралық татулықты сақтау - әр адамның өзіне байланысты екенін де ұмытпаған абзал. Өйткені, қоғамды құрайтын біз. Демек,елдің қазіргісі де, болашағы да бізге байланысты. Бұл орайда Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарихшы ғалым Сәуле Бағдатова қоғамдағы келісімді өзіміз отбасындағы тәрбиеден бастап, мектепте, жастар ортасында, білім ордаларында насихаттауға тиіспіз деп санайды: «Оқу орындарында жастардың көкейіне толеранттылықтың дәнін егіп, мағлұмат беруге, татулыққа тәрбиелеуге тиіспіз. Өзге ұлтты кемсітушілік мәселелері көріністеріне қоғамның назарын аудара білуіміз керек».
Ғалым татулықты елдің басты құндылығына айналдыра алған елдерді мысалға келтіре отырып, Елбасы айтып өткен Сингапурдың моделінің нағыз бізге лайықты үлгі екенін айтады. «Елбасымыз атап өткендей, этносаралық дау-дамай өршіп тұрған кездері Сингапурдың сол кездегі басшысы Ли Куан Ю халықты бейбітшілікке үндеп, өз сөзіне сендіре білген екен. «Біз - біртұтас ұлт, біртұтас халықпыз. Елімізде әртүрлі ұлттардың және әртүрлі тілдердің болуы - біздің кемшілігіміз емес, артықшылығымыз» деді Ли Куан Ю халыққа жолдаған сөзінде. Әрине, сол кездері оның сөзіне бәрі бірдей құлақ аса қойған жоқ. «Сингапурлық халық» деген ұғым олар үшін құлаққа жағымсыз, жат ұғым болып көрінетін. Өздеріңіз білесіздер, Сингапур бұл кезеңдердің барлығынан сәтті өтті. Өз ішіндегі ұлтаралық жанжалдар оң шешілді. Бүгінде бұл елдің кемеліне келген, барлық салада дамыған елге айналғанына ешкім дау айта алмас. Қазақстанда да еліміздің этномәдени көптүрлілігін қоғамның рухани дамуының оң факторына айналдыруға барлық алғышарттар бар» дейді ғалым өз мақаласында.