Қор биржасындағы сауда көлемі 50 млрд теңгеге жетті - KASE
«Өткен жылы корпоративтік және банк секторы облигацияларды шығара отырып шамамен 1,5 трлн теңге тартты. Сонымен қатар, былтыр «ҚазМұнайГаз»-да IPO өтіп, одан акционерлік капитал түрінде 330 млн АҚШ доллары түсті. Қазір аталған акциялар қор биржасында белсенді түрде сатылып жатыр. Өткен жылдың 8 желтоқсанынан бастап сауда көлемі 50 млрд теңгеге жетті», - деді Қазақстан қор биржасы АҚ басқарма төрағасы Алина Алдамберген елордада өткен KASE DAY шарасы барысында.
Одан әрі KASE басшысы қор нарығында пайда болған трендке тоқталып өтті.
«Бөлшек инвесторлардың белсенді дамуы трендке айналды. Осылайша, қор нарығындағы қатысушылар саны артып келеді. Акциялардың 50%-ы жеке тұлғаларға тиесілі. Олар сондай-ақ кейбір облигацияларды белсенді түрде сатып алып жатыр», - дейді ол.
Бұған дейін Қазақстан қор биржасы 23 компанияның бағалы қағазымен толыққаны туралы хабарлаған едік.
Сондай-ақ, қазақстандықтардың қор биржасында 1 млн-ға жуық шоты бары айтылды.
KASE басшысы Яндекс акцияларының тізімнен алыну себебін түсіндіріп өтті.