Қазақстан қор биржасы 23 компанияның бағалы қағазымен толықты
«Бүгінде Қазақстан қор биржасында 1 300-ден астам қаржы құралдары сатылымда. Өткен жылы 23 жаңа компания бізде листингтен өтті, яғни аталған компаниялардың бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының тізіміне енгізілді. Былтыр қор биржасына орналастырылған жалпы қаржы көлемі 5 трлн теңгеден асты немесе 48% артты», - деді Қазақстан қор биржасы листинг департаментінің директоры Жұлдыз Мажирина елордада өткен KASE DAY шарасы барысында.
Оның айтуынша, бүгінде қор биржасына 230-дан астам листинг компанияның бағалы қағаздары орналастырылған.
«Былтырдан бастап «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы IPO-ға шыға бастады. Жалпы ұсынылған акциялардың 85%-ы Қазақстан қор биржасында орналастырылды», - дейді ол.
Бұған дейін қазақстандықтардың қор биржасында 1 млн-ға жуық шоты бары айтылды.
Сондай-ақ, қор биржасы басшысы Яндекс акцияларының тізімнен алыну себебін түсіндіріп өтті.