Корей Президенті Балқаш ЖЭС-ін Н. Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Балқаш Жылу электр стансысының бірінші модулі құрылысының басталуына арналған салтанатты шарада Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак аталмыш стансыны ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды.
Бұл ұсынысқа Қазақстан мемлекетінің Басшысы: «Бұл стансыны тек қана Назарбаев емес, екі Президенттің де атымен атау керек - «Ли-Назарбаев», - деп қалжыңмен жауап берді.
Екі Мемлекеттің Басшылары сөз сөйлегеннен кейін, арнайы капсулаға өз қолтаңбаларын қалдырды. Бұл капсула стансының болашақ ғимаратында сақталатын болады.