Қорғаншылық органдары жеке басқарма болып құрылады — ҚР Оқу-ағарту министрлігі
АСТАНА.KAZINFORM — ҚР Үкіметі жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымына Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар мен бөлімдерді енгізу туралы шешімді қолдады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

— Қорғаншылық органдары жергілікті атқарушы органдардың қолданыстағы штаттық шегі аясында құрылады. Белгіленген нормативке сәйкес, әрбір 5 мың балаға кемінде бір маман тағайындалады. Бұл бастама арқылы балалардың толыққанды қамқорлықта болуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйе негізін құру көзделген. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігі қорғаншылық органдарының мамандарына арналған оқыту тренингтерін ұйымдастырып жатыр.
Айта кету керек, аталған реформалар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан «Қазақстан балалары» атты кешенді бағдарламаның бір бөлігі ретінде іске асырылып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Динара Зәкиева Қазақстанда қорғаншылық қызметкерлерінің саны артып, жалақысы көтерілетінін жазған болатынбыз.