Көркем жүзу: Виктор Друзин Канададағы суперфиналда екінші жүлдесіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZUNFORM - Канаданың Торонто қаласында көркем жүзуден әлем кубогының суперфиналы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін ерлер арасындағы еркін бағдарламада Қазақстан командасының спортшысы Виктор Друзин күміс жүлдегер атанды. Бұл оның осы жарыстағы екінші жүлдесі. Виктор кеше техникалық бағдарламада 3-орын алған.
Еркін бағдарлама жүлдегерлері:
1. Ранджуо Томблин (Ұлыбритания) 255.9600 балл
2. Виктор Друзин (Қазақстан) 248.5525 балл
3. Филиппо Пелати (Италия) 246.2639 балл
Айта кетейік, осы маусымның шешуші жарысына 22 елден іріктелген 156 спортшы қатысып жатыр. Еліміздің намысын 14 отандасымыз қорғайды. Жарыс 21 маусымда аяқталады.
Айта кетейік, бүгін қазақстандық жасөспірімдер Германияда өтіп жатқан оқ атудан әлем чемпионатында алғашқы медалін жеңіп алды.