Қорқып отырмыз: Ақтөбеде мүгедектігі бар және тұрмысы төмен отбасылар тұратын үйдің қабырғасы сөгілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Есет батыр тұрғын алабындағы 9 қабатты үш үйде жүздеген пәтер бар. Мұнда мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар тұрады. Олар өздерін қауіпсіз жерге көшіруді сұрады.
Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабы №3 шағын ауданының тұрғындары бүгін жиналып, әкімдік пен құрылыс компаниясының өкілдерін күтті. Олар түні бойы ұйықтамай, үреймен таң атырды.
- Алғашында «Ақтөбе сәулет» ЖШС-нің адамдары келіп, кейбір пәтердің қабырғасындағы жарығын бітеп кетті. Тіпті дала көрініп тұрған. Жел соққанда кілемін де көтерген екен. Соны айтқанда бір күнде жөндеді. Негізі бұл 2024 жылдың қазан айында берілген көпқабатты үй. Әуелден құрылысы дұрыс емес. Унитаз, сүлгі кептіргіш құбырлар өзінен-өзі жарылды. Адамдар өздері жаңартып жатыр. 10-12 жыл күткен баспанамыздың бүгінгі күйі қуанышымыз су сепкендей басты. Үреймен отырмыз. Түнде бір-бірімізге хабарласып, «үйлерің қалай, ұйықтадыңдар ма» деп сұраймыз. Жартысы көшіп кетті жақындарының үйіне. Ал үйі жоқ қарапайым халық қайда барады? Мен айына пәтер несиесіне 140 мың теңге төлеймін ба, әлде 120 мың пәтерге төлеймін ба? Жағдайым келмейді,- деді Гүлнаш Базарова.
2024 жылы қолданысқа берілген үйге аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ақтөбеліктер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері қоныстанған. Олардың алды 6 жылға, кейінгілері 10-15 жылға несие рәсімдеген.
- Жарлас көршімізбен арадағы жарықтан қол алысып амандасып отырмыз. Бұған 20 күндей уақыт болды. Оның алдында көп нәрсені елемедік. Жарықты бітеп аламыз деп жүре бердік. Бірақ күннен күнге ұлғайып бара жатыр. Мен екінші топ мүгедегімін. Түнімен ұйықтамай шықтым, өзім ауырамын. Енді тұрғындар палатка құрып, сонда жатамыз деп айтты. Бізге құр уәде керек емес. Тұрғындардың денсаулығы, қауіпсіздігі маңызды,- деді Айгүл Каженова.
Ақтөбе қаласы құрылыс бөлімінің хабарлауынша, көпқабатты үйлерді «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС-і салды. Мамандар үйге барып, жағдайды қарап кеткен.
- Мердігер ұйымға техникалық қорытынды дайындау үшін сараптама жұмыстарын бастауға тапсырма берілді. Аталған сараптама нәтижесіне сәйкес анықталған барлық ақауларды қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын құрылыс салушы компания кепілдік мерзімі аясында жүргізеді,- деді хабарламада.
Ал Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет құрылыс – бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Таңкиевнің айтуынша, тексеріс әлі ашылмады.
- Біз үйді толықтай қарап шықтық. № 39, 40, 41 үйлердің 7, 8, 9 қабаттарында жарықтар байқалды. Ол бойынша арнайы тексеру керек. Содан кейін ғана нақтысын айта аламыз. Қай уақытта басталғанын әркім әртүрлі айтып жатыр. Толықтай зерттейміз оны. Үш үйді бір құрылыс компаниясы салды. 2024 жылы қолданысқа берілген. Біз бірінші бақылап, көзбен қарап кетеміз. Бұл ақаулар тексеру ашуға мүмкіндік береді. Заңда оған екі апта мүмкіндік берген. Содан кейін тексеру ашылады,- деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған екі көпқабатты үй апатты деп танылды.
Кейін іс сотқа жетіп, мердігерлер сотталды.
Биыл апатты екі үй сүрілді.